Өңірде күзгі орақ науқаны, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Облыстық әкімдікте өткен кеңесте егін жинау жұмыстарының барысы мен ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі, сондай-ақ білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы жан-жақты талқыланды.
Биыл өңірімізде жалпы аумағы 4,3 млн. гектар алқаптан дәнді дақыл жинау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында күнбағыс, зығыр, рапс және жасымық сияқты дақылдардың көлемі артқан. Бұл агро-өнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттырып, шаруалардың табысын еселеуге сеп болмақ.
Облыстағы ауыл шаруашылығы техникасы егін жинау жұмыстарына 100 пайыз дайын. Ораққа 7 мыңға жуық астық комбайны қатысады, оның 4 мыңы – жоғары өнімді техника. Сонымен қатар 58,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Бұл көлем шаруалардың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Нарықта бір литрі 315 теңгеден сатылып жатқан дизель отыны шаруаларға 254 теңгеден ұсынылуда.
– Қосымша 10 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Өтінім беріп үлгермеген шаруашылықтар осы мүмкіндікті пайдалана алады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов.
Жиналған астықты сақтау мәселесі де күн тәртібінде тұр. 45 элеватордың жалпы сыйымдылығы – 3,2 млн. тонна, ал шаруа қожалықтарына тиесілі қоймаларда 3,7 млн. тонна астық сақтауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта қабылдау орындары 24 пайызға толған, онда 761 мың тонна астық жатыр. Оның 413 мың тоннасы – Азық-түлік корпорациясына тиесілі.
Мамандар егіннің 40 пайызын тікелей алқаптан жинау жоспарланып отырғанын айтады. Ауа райы қолайлы болса, орақ науқаны 30–35 күн ішінде аяқталмақ. Бұдан бөлек, 1 млн. тонна шөп пен 302 мың тонна сүрлем дайындалып, мал азығы қоры да жасақталды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, егін жинау науқанын агротехникалық мерзімге сай аяқтауды, барлық элеваторлардың жұмысын және шаруаларды жанар-жағармаймен қамтуды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жиын барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы да талқыланды. Биыл бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтуға 3,1 млрд. теңге бөлінді. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Гүлнар Таласбаеваның айтуынша, биыл өңірдегі 11 мектеп реновациядан өтсе, тағы оны күрделі жөнделіп және 42 мектеп жаңғыртылып жатыр.
– 11 мектепте жұмыс бекітілген кестеге сай атқарылуда. Алайда қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты кейбір мектептерде реновация кешенді емес, тек жекелеген бағыттар бойынша жүзеге асады. Облыстың барлық мектебінде ішкі санитарлық бөлмелер болғанымен, 102 дала дәретханасы әлі де мектеп аумағында тұр. Олар жаңа оқу жылы басталғанға дейін жойылуы тиіс, – деді Гүлнар Таласбаева.
Облыста мыңға жуық ұстаз жетіспейді, ауылдық жерлерге 675 мұғалім керек. Мектептерде мұғалімдердің ғана емес, директорлардың да орны бос тұр. 444 мектептің 44-інде басшы жоқ. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 925 түлек оқу орнын бітірген, олардың жұмысқа орналасуын департамент мамандары өз бақылауына алған.
– Биыл 38 білім беру мекемесі мемлекеттік аттестациядан өтті. Оның 11-і ғана жақсы нәтиже көрсетті. Өте алмаған 27 мектептің тоғызы барлық олқылықты жойды. Қалған 17 мектептің аттестацияны қайта өту кезегі жеткен жоқ. Жалпы салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтырғымен салыстырғанда кемшіліктер саны азайған, – дейді департамент басшысы.
Облыс бойынша 3 мыңнан астам оқушыға тасымалдау қызметі ұйымдастырылған. Биыл 8 мектеп автобусы сатып алыныпты, жыл соңына дейін тағы 3 автобус жеткізілмек.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1 қыркүйекте Петропавл қаласындағы «Береке» шағынауданында жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».