«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛТҰҚЫМДЫ МАЛ – МОЛШЫЛЫҚ КӨЗІ

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешені дәстүрлі саламыз екенін атап өтіп, оны инновациялық бағытқа түсірудің жолдарын белгілеп берді. Фермерлер алдына кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде өндірістің өсімін тынымсыз арттыру, ол үшін жаңа технологияларды кеңінен қолдану міндеттерін қойды. Бұл орайда Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік елге айналдырудың маңызы зор. Бұл талаптарды ғылыммен үйлестіре жүргізгенде ғана белгілі жетістіктерге жетеріміз анық. Осы тұрғыдан сөз сабақтасақ, мал тұқымын асылдандыру жайлы ерекше әңгімелеуге тура келеді. Жасыратыны жоқ, бұл бағытта қыруар шаруалар атқарылғанымен, күнгейімізден көлеңкелі жақтарымыз әлі басым екені даусыз. Десек те, мемлекет қолдауының арқасында мал шаруашылығы өнімдерінің өнеркәсіптік жүйесін құру арқылы экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын аңғару қиын емес. Әсіресе, үкіметтік бағдарламалар шеңберінде мал семірту алаңдарының, асылтұқымды репродуктор шаруашылықтарының құрылуы тың іске серпін беріп, өз өміршеңдігін айқын танытып отырғанын айта кеткен жөн.

Облыста 2015 жылға дейінгі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, ол бойынша 10 мың басқа арналған семірту алаңдарын, 4 мың бас асылтұқымды мал өсіретін репродуктор шаруашылық құру, 15600 басқа шақталған фермерлік қожалықтар құру жопарланған. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, тапсырманың артығымен орындалатын түрі бар. Олай дейтініміз, кенжелеп қалған салаға демеуқаржы молынан бөлініп, көптеген жеңілдік шаралары қарастырылған. Бір ғана мысал. Жуырда Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде еліміз бойынша тұңғыш рет асылтұқымды мал төлін сұрыптау қолға алынды. Жергілікті мамандар Астанадан келген ғалымдардың жәрдемімен аталық малды жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеуге кірісті. Бұл шаруашылық соңғы жылдары мал шаруашылығын табысты ұйымдастырып келеді. Оның ішінде етті мал тұқымын өсіруге ден қойды. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның демеуқаржысы арқылы мұхиттың арғы жағынан 200 бас абердин-ангус тұқымды тайыншалар сатып алды. Оның саны қазір 600 басқа жетті. Табындар кейін басқа да өсімтал қара малдармен толығып, репродуктор шаруашылық мәртебесіне ие болды. Былтыр өзге шаруашылықтарға 50-ге жуық асылтұқымды бұқа сатты. Енді ғылыми-инновациялық озық жетістіктерге шындап бет бұрды. Жас төлдер жылжымалы зертханада орнатылған шетелдік УЗИ сканерден өткізіліп, ет бағытына лайықтылары бірыңғай сұрыпталатынын бұрын естіп-білмеген едік. Сонымен бірге, мал ұрығы да зерттеліп, болашақтағы төлдеу қабілеті ай-қындалады. “Ғылыми инновациялық орталық” ЖШС бас маманы Әнуарбек Бейсенбаевтың айтуына қарағанда, мұнда ғылымның соңғы технологиялық жетістіктері кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, малдың салмағы, өсу жылдамдығы, бір килограмм салмақ қосу үшін жұмсалатын жемазық мөлшері анықталады. Еттің сапасы ультрасанографтың көмегімен бағаланады. Тіпті, аталық малдың 12-ші және 13-ші қабырғалары арасындағы бұлшық еттің қалыңдығы мен тері астындағы майға дейін өлшенеді. Сыртқа сатылатын малдың арнайы төлқұжатына инновациялық орталық өкілдері жасаған зерттеулердің нәтижесі жазып қойылады. Бұрын әлемдегі мал өсірушілердің 2-4 пайызы ғана ангус тұқымын өсірсе, қазір бұл көрсеткіш 40-45 пайызды құрайды. Жергілікті бұзаулардың тәуліктік салмақ қосуы 500-700 граммнан аспаса, ангус төлі 1-1,5 килограмм салмақ қосады.

Міне, ғылыми қамтымды экономика құру арқылы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру деп осындай жаңашылдықтарды айтады! Елбасы биылғы Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынғаны мәлім. Осы негізде экономиканы ғылыми қамтудың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленді. Ол бойынша ғылымды қаржыландыру көлемі артып, ғылымсыз бірде-бір сала шешілмейтін болады. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ұйымдастырылған ғылыми-инновациялық орталық облыстың екі шаруашылығымен асылтұқымды мал төлінің қасиеттерін зерттеуді ғылыми тұрғыда жүргізу жөнінде тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып отыр. Мұндағы мақсат – шетелден әкелінген малдың пайдалылығын жоғалтып алмау. Аталмыш шаруашылықтарда әрбір бас мал күніне бір килограмнан артық салмақ қосса, алдағы уақытта үш килограмға дейін жеткізу міндеті тұр.

Мал тұқымын асылдандырудың озық жобалары өңірімізде баршылық. Солардың бірі «Бесқұдық» ЖШС-де 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік банкінің «Ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекелестігін арттыру» бағдарламасы бойынша «Құйрықты қойлардың тұқымы мен құнарлылығын арттыру» жобасына қатысып, 12 миллион теңге грант ұтып алған. 2010 жылы асылтұқымды шаруашылық мәртебесін алды. Содан бері құйрықты қойлардың тұқымдық сапасы мен өнімділігін арттыру, жоғары генетикалық әлеуетті тұқым алу, азықтандырудың ұтымды жүйесін әзірлеу және енгізу, асылдандыру жұмыстары дәйектілікпен жүргізіліп келеді. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру малды сұрыптау, азықтандыру және күту технологиялары негізінде атқарылады. Ғылыми сарапталған сұрыптау-асылдандыру жұмыстары қойлардың тез жетіліп, салмақ қосуына мүмкіндік берді. Жасанды ұрықтандыру, ветеринарлық қызметті жетілдіру, заманауи қондырғылармен жабдықтау шараларының мемлекет тарапынан қолдау табуы күрмеуі қиын іс саналып келген саланың жандануына көп жәрдемдесті. Мұнда етті-майлы бағыттағы қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларын өсіру тектен-тек таңдалған жоқ. Қыстың аязына, жаздың құрғақшылығына төзімді. Жайылым таңдамайды. Қандай өріске жайса да, тез семіреді, қоңын жоғалтпайды. Экономикалық жағынан да өте тиімді.

Қой бағу ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ата дәстүр болғандықтан, өсімтал түліктің өнімі көл-көсір екені айтпаса да түсінікті. Шын талап қылған адамға оны тұрақты табыс көзіне айналдыру қиын емес. Ақжар ауданында «Данил» шаруа қожалығы да қойдың пайдасын жақсы біліп, жергілікті жерге бейімделген асылтұқымды түрін өсіруге кірісті. Өкініштісі сол, өзгелер үлгі алатын мұндай мысалдарды аз кездестіреміз.

Тоқтала кететін бір мәселе бар. Ол қосалқы шаруашылықтардың мал басын көбейтуге деген талпыныс-талабының үкіметтік деңгейде шешілмеуіне қатысты. Оларға қолдағы малдың 80 пайызы тиесілі екенін, өндірген өнімдерін делдалдар арзанға пұлдап алып кететінін ескерсек, мемлекет тарапынан демеуқаржы қарастыратын мезгіл жеткен сыңайлы. Жұртшылық ет, сүт өнімдері бағасының төмендігін, керісінше, жемшөптің тым қымбаттылығын көлденең тартады. Осының салдарынан жұмсаған шығын ақталмайтындықтан, төрт түлік өсіруден қиынсынатындар жиі кездесіп жатады. Сонда Жолдауда айтылған «фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына тікелей шыға алатын» жағдайды қалыптастырар едік. Кей аудандардың асылтұқымды бұқалар сатып алып, жеке аулаларға үлестіруі құптарлық болғанымен, кешенді шараларды қолға алмай болмайды.

Күлбарам БАЯЗИТОВА,

 М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, доцент, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp