“Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!”. Елбасымыздың “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” мақаласы бәрімізді асқақ арманға жетелейтін осындай биік рухты сөздермен аяқталады. Мешін жылының 1 қаңтарынан “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” ауқымды Стратегиялық бағдарламаны орындаудың нақты қадамына көшуіміз алдымызға нақты міндеттер қоюмен бірге жаһандық қиындықтарды еңсерудің мол тәжірибесін қалыптастырары, жеріміздің асты-үстіндегі қисапсыз байлықты ұқыптылықпен пайдалануға үйретері, жаңа технологияларды еркін меңгеріп, мықты дамыған 30 елдің қатарына жетуге жетелері анық.
Президентіміздің елімізді тереңдете жаңғырту жөніндегі ой-идеяларына әр кез жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан солтүстікқазақстандықтар Ұлт жоспарын дағдарысқа қарсы басты құжат ретінде қабылдап, өсім, реформалар, даму ұғымдарымен біртұтас жүйеде қарастырары анық. Өйткені, барлық саланы қамтитын терең реформалық өзгерістердің ауқымы аса кең. Оның түпкі мақсаты ел экономикасының серпінді дамуын, халқымыздың дәулетті өмір сүруін, қоғамға демократия үрдістерін белсендірек енгізуге зор ықпал жасауды діттейді. Бүгінгідей ерекше кезеңде өсіп-өркендеудің әлемдік деңгейіне қол жеткізудің маңызды екенін Мемлекет басшысы тағы бір айғақтап берді.
Бұдан былай қазақстандық мемлекеттік қызметтің жан-жақты жетілдірілген, жемқорлық көріністердің алдын алуға бағдарланған кешенді жүйесі жұмыс істеп, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру ісі жаңаша үрдіс алады. Мемлекеттік қызметті жаңғыртудың өзге де қырларын шешу тұлға саналатын кадрлардың біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттыруға қызмет етеді.
Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет құру реформасы шеңберінде де бірқатар түйінді мәселелер шешілетін болады. Әсіресе, қажетсіз әкімшілік кедергілерді қысқарту, сұрау салынатын құжаттар санын азайту арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді барынша оңтайландыру, оның ашықтығын қамтамасыз ету әбден қолдауға тұрарлық.
Бүгінгі күні Елбасы айқындап берген реформалар табысы халық бірлігіне бастар жол екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырға жуық кезеңі еліміздің биік белестерді бағындыра алатынын көрсетіп берді. Оны біздің мектеп-интернаттың күнделікті өмірінен де көруге болады. 10 этностан құралған 130-ға жуық қызметкеріміз бейбітшілік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Құрамында 6 тәрбиеленуші бар классикалық би тобы жуырда Италияда өткен халықаралық байқауда Гран приді иеленді. Барып-қайту жол сапарына облыс басшысы Ерік Сұлтанов қаржылық қолдау көрсетті. Қазір мұнда есту қабілетінен айрылған 145 бала тәрбиеленеді. Мекеменің еліміз бойынша орта білім беретін жалғыз мектеп-интернат екенін ескерсек, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық айрықша екенін баса айтқым келеді. Соңғы 6 жылда 11 түлегіміз жоғары білім алып шықты. 3-еуі магистратурада оқиды. Мектепалды дайындық тобы да жұмыс істейді.
Азаматтық бірегейлік пен біртұтастықты нығайтуға бағытталған қазақстандық формуланың дәйектілікпен орындалатынына сенімдіміз.
Жангелді ТӘЖИН,
облыстық арнайы коррекциялық
мектеп-интернаттың директоры, Петропавл қалалық
мәслихатының депутаты.