1996 жылы Петропавл қаласында “Сабтранс” наубайханасы ашылған болатын. 2006 жылы ол атауын “Камалеева” жеке кәсіпкерлігі деп өзгертті. Атауы ғана емес, бүгінде наубайханадағы жұмыс процесі де түбегейлі өзгерген. Негізінен мұнда нанның бірнеше түрі шығарылады. Сондай-ақ, тоқаштардың да түр-түрі бар. Кәсіпорын директоры Серік Жолдыбаев ай сайын шамамен 50 тонна ұн қажеттілікке жаратылатынын жеткізді.
– 1996 жылдан бастап Петропавл қаласында серіктестеріммен бірге 15 наубайхана аштық. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты қазір тек “Камалеева” жеке кәсіпкерлігі жұмыс істеуде. Бір наубайхананың жұмысын тиімді ұйымдастырып, тұрғындардың қажеттілігін өтесек, бізге одан артық не керек?! Жұмыстың әділ бағасын қариялар береді. Өйткені, олар – біздің тұрақты тұтынушыларымыз. Ал кінәмшіл қариялардың көңілінен шығу оңай емес. Күніне 800-ге жуық нан өнімдері сатылады, – дейді Серік Төлегенұлы.
“Дария” базарының жанында орналасқан нан пісіру цехының табалдырығынан аттадық. Қазіргі таңда мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа еңбекақысы – 50 мың теңге. Еліміздегі экономикалық қиын жағдайларға байланысты кәсіпорын директоры жаңа жылдан бастап еңбекақыны көтеруді жоспарлап отырғанын айтты.
Сөз орайы келгенде Серік Жолдыбаевқа нан бағасына қатысты көкейде жүрген сауалымды қойдым. Қымбатшылық қысқан уақытта нан бағасының өспеуі де мүмкін емес. Әйтсе де, көңілдегі күдікті “олай болмайтын шығар” деген үміт билеп тұрғандай. Бірақ бұл мен ойлағандай емес екен. Кәсіпорын директоры жаңа жылдан бастап нан қымбаттауы мүмкін екенін айтып, 65 теңгеден кем болмайтынын алға тартты. Ал қазіргі таңда наубайханада бір бөлке нан 48 теңге болса, тоқаш 30-35 теңге аралығында сатылады. Оның айтуынша, шикізат қоры қымбаттамаса да, сырттан алатын ашытқы мен сұйық май, онымен қоса әлеуметтік төлемдердің қымбаттауы да нан бағасының өсуіне ықпал етері сөзсіз. Бірақ қалалық әкімдіктің қолдауының арқасында кәсіпорын арзандатылған бағамен ұн сатып алуда. Бұл да нан бағасын қымбаттатпаудың бір амалы.
“Даму” қорының қолдауымен биыл наубайханада 2 миллион теңгенің француз техникасы орнатылған. Автоматтандырылған техниканың көмегімен барлық жұмыс реттеледі. Тағы бір айта кетерлігі – тұтынушылар мұнда дайындалатын өнімдер туралы жақсы пікір білдіруде. Оның басты дәлелі – өзіміз көріп, байқағанымыздай, нан ашытуда химиялық қоспаларға ешқандай жол берілмейді. Қоспалардың барлығы табиғи. Наубайханадағы нан өнімдерінің тіл үйірердей болып дайындалатыны да сондықтан. Аудандарға жөнелтілмесе де, қалалық тұрғындарды өнімдермен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның әлеуеті жоғары.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.