«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАМЕКЕНДЕГІ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР көңілге қуаныш сыйлады

Алыста жүрген соң ба, туған жеріме деген сағынышым ерекше. Жыл сайын келіп аунап-қунап кететінім бар. Осы жылы вирус салдарынан ауылымды көре алмайтын шығармын деп жүр едім, Алла сәтін салып университет басшылығы әр облыс орталықтарында магистратураға кешенді тестілеу өтіп жатқандықтан, талапкерлер арасынан талапты балаларды іздеуге іссапарға жіберді. Маған туған жеріме бару бақыты бұйырды. Сөздің реті келген соң айта кетейін, өзім қызмет қылатын Қазақ ұлттық аграрлық университетіне биыл 90 жыл толып отыр. Қазір әлемдік рейтингтегі 18000 университет ішінде 596 орында тұрған оқу орны зерттеуші университет атану жолында игі іс-шаралар жасап, білім, ғылым және өндірісті ұштастыру арқылы білікті мамандар даярлау жолында табысты еңбек етіп келе жатқанын да мақтанышпен айтып өткім келеді. Туған жерге жеткен соң алдымен өңірімізге белгілі ақсақал, немере ағам Жақсылық Ғабдоллаұлына сәлем беріп шықтым. Ағама сонау 1954 жылы тамамдаған институты бүгінде 90 жасқа толып отырған жетекші университетке айналғанын айтып едім, Жәкең қуанып, сол бір қиын заманда білім қуып, Алматыға барғанын, институт директоры болған Әубәкір Жұматов туралы жақсы әңгімелер айтты. Елдің қазіргі жағдайы туралы да пікір алмастық. Құдайға шүкір, 88-ден асқан ағам әлі тың, ойлары анық.

Туған жерде тың өзгерістер көп екен, соған қуанып қалдым. Жолдар, көшелер жөнделіп, жаңа ғимараттар салынып жатыр. Қызылжар қаласы түрленіп, заманауи қалаға айналып келеді. Есіл ауданындағы туған ауылым – Бұлаққа да барып, елдің жағдайын, тынымсыз еңбек қылып жатқан еңбеккерлердің жақсарып келе жатқан тұрмыстарын көріп, марқайып қалдым. Таңертең ерте тұрып ауылды аралап шықтым. Күн шыға малдарын өріске айдап бара жатқан жерлестерімді көріп мәз болдым. Бәрі таныс, өзімнің іні-қарындастарым ата-аналарынан қалған шаңырақты бос қалдырмай түтінін түтетіп, туған ауылдарында еңбек етіп жатыр. Ол енді жеке әңгіме.

Күндіз марқұм болған мектептегі ұстазым Ибрагим Маликовтың отбасына барып көңіл айтып, Құран бағыштап шықтым. Математика пәнінен сабақ берген ұстазымыз жаңалыққа құмар, үнемі ізденіс үстінде жүретін кісі еді. Ауылда алғаш фермер болып шыққан да сол ағайымыз. Сол замандарда елге келген сайын ауыл шаруашылығының қыр-сырларын айтып, өзінің ауылда қандай кәсіп жасап жатқандары туралы әңгімелеуші еді. Алғашқы диірмен салып, наубайхана ашпақ ойы да болды. Құдайға шүкір, балалары әкесінің ісін жалғастырып келеді. Әсіресе, келіні Айнұр қарындасыма риза болдым. Сиыр өсіріп, соны қалай көбейтіп жатқанын әңгімелеп берді. Алдымен “Әулиекөл” тұқымын алғанын, кейін “Ангус­қа”, бүгінде сүтті бағыттағы “Голштино Фриз” тұқымына ауысқанын айтты. Сиыр сауатын аппараты да бар екен. Жұмысқа студент баласы да көмектесіп, интернеттен сиырдың сүтті асыл тұқымдары туралы деректер жинап, анасына ақыл айтатын көрінеді. Келіннің кәсібіне қарап отырып: “Сендей жастар барда ауылым өшпейді” деп іштей тебірендім.

Ауылда бірнеше ЖШС-лері құрылған болатын. Олар да жаңа техникалар алып, әлденіп келеді. Жаңа қонақүй, кеңсе де сала бастапты. Олардың кәсібі да­мып, ауқаты көтерілсе, ауылға да жақсы болары сөзсіз. Бір байқағаным, ауылда техника тілін білетін кісілер азайыпты, механизаторларды шеттен әкелуге мәжбүр. Ойланатын мәселе. Бұрын мектептен бастап трактордың тетіктерін оқытып, болашақ еңбеккерлерді тәрбиелеуші еді, соны қайта жандандыру керек екен деп ой түйіп қойдым. Сонау 1976 жылы салынған мектепке де күрделі жөндеу жасалып, ажары кіріпті. Енді сонда оқитын шәкірттерге өмірде азық болатын жаңаша білім беріп, туған елді насихаттап, ауыл өмірінің тамашасын ашып үйретсе ғой деп тіледім. Әрине, алғашында жастар қалаға ұмтылып, жаңа өмір көргілері келетіні заңды нәрсе. Алайда, мектепте кеуделеріне туған еліне деген махаббат ұрығын сеуіп қойса, түбінде қаладан мезі болып ауылына қайтып келмесіне кім кепіл?!

Ауылда қара шаңыраққа ие болып отырған Ерік және Серік деген інілерім де Алматы мал-дәрігерлік және Қазақ ауыл шаруашылығы институттарын бітіріп, елге келген еді, содан бері бірі ветеринар, бірі агроном болып қызмет қылып келеді. Үлкен інім Еріктің Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқан Ертай деген баласы отбасымен ауылға көшіп келіпті, қызмет қылмақ жоспары барын айтты. Сондай-ақ, Болат Бейсенбаев деген бауырымыз да ауылдан үй алып, елге қайта көшіп келіп жатыр екен.

Әрине, қаланың тынымсыз тірлігінен қажыған адамның ауылдағы тыныштықты аңсайтыны сөзсіз. Оларды ауылға тарту үшін тұрмыс жағдайын жасау – маңызды мәселе. Соның бірі – жұмысты жаңаша ұйымдастырып, озық тәсілдерді енгізу. Мысалы, Еуропа елдерінде көп тарағаны – шағын фермалар. Соны үлгі етіп, бірнеше отбасын, яғни жеке қосалқы шаруашылықтарды бір кооперативке бекітіп, бәріне ортақ шағын ферма салса ғой деген ой да туды. Сонда қатар орналасқан бірнеше үй бір кооперативке бірігіп, көп күшті қажет ететін жұмыстарын да оңайлатар еді. Жем-шөпті бірге дайындап, 40-60 басқа арналған жайлы қораны да бірге пайдаланып, бір-біріне көмектесер еді. Ауылда жайылым жеткілікті, тек жол мәселесі қиын болып тұр. Оның жайсыздығын жолай өзіміз де көрдік. Күнде жол жүріп жүрген адамдарға, тіпті, қиын ғой.

Көрші Ақтас ауылына барып, туған жеріне көшіп келген екі азаматқа жолығып, қоныс құтты болсын айттым. Оның бірі – өзімнің құдам Ғалымбек Тоқпанов деген азамат Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы жағында жұмыс істеп, зейнетке шыққан соң туған ауылына көшіп келіпті, осында тозығы жеткен бір үйді сатып алып, жөндеп тұрып жатыр. Ғалекең құрылысшы болғандықтан, үй жөндеу оған қиын емес. Зайыбы Мәрзия екеуі қолдарына жиен-немересін алып, ауылдағы мектепте оқытпақ екен. Екінші азамат құқық қорғау саласында қызмет қылған Нұрғожа Нығметжанов полковник шеніне жетіп, Жамбыл облысында ішкі істер департаментінде басшылық қызмет атқарып, отставкаға шыққан соң ауылына келгеніне екі-үш жылдай болыпты. Үйіне жөндеу жасап, қаладағыдан кем емес қалыпқа келтіріпті. Ауылдарында бұзылып жатқан клубты жөндеп, кәдімгідей демалыс орнына айналдырып жатыр екен. Осыдан он шақты жыл бұрын салынған екіқабатты мектеппен қатарласып ауылға көрік беріп тұр.

Міне, туған ауылымда болған бір жарым күндегі әсерімнің бір сыры осы. Жайнай бер, туған жерім!

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

биология ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp