
Өнерімен өрге басып, осы саланың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жігерлі жастардың бірі – Нұркен Сисенбаев. Өзбекстаннан 2001 жылы көшіп келген жас өнерпаз Есіл ауданының орталығы Явленка ауылына отбасымен бірге қоныстанған.
– Біз отбасымызбен бірге осы елді мекенге көшіп келгенде мен алтыншы сыныпта оқып жүргем. Ата-анамыз ойланып, бәрін таразыға салып, балалардың болашағы үшін осындай шешімді жөн көрді деп ойлаймын. Және оған өз басым қатты қуанамын. Себебі, жаңа жерде мен жаңаша өмір бастадым. Мектепті тамамдап, арман қанатына ілесіп, оқуымды жалғастырып, қалаған мамандығымның иесі болдым.
Әрине, мұның барлығы Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізген игілік деп түйіндеймін. Сондықтан да, алдағы уақытта еңбектеніп, еліміздің одан сайын дамуына қолымнан келгенше жұмыс істеуді мақсат етемін. Бұл менің міндетім және азаматтық парызым, – дейді Нұркен ағынан жарыла.
Нұркен бүгінгі таңда аудан орталығындағы Мәдениет үйінде қызмет етеді. “Өнерлі жігіт өрге озар” дегендей, жасынан әнге жаны құмар жігіт қос ішекті домбырада да ойнайды, өлең де айтады.
“Жігітке жеті өнер де аз” деп халқымыз тегін айтпаған болар, Нұркен халық әнін домбыраға салып, нақышына келтіре орындаумен қатар, ұйымдастырушылық жұмыстарда да белсенді. Бұл – талантты жанның тағы бір қыры.
– Аудандық Мәдениет үйінде “Прометей” атты халық театры бар, мен сонда әдіскер болып жұмыс істеймін. Ұжым өте ұйымшыл. Ұлтымызға, тілімізге, ділімізге, жасымызға қарамай, бір отбасының адамдары сияқты жұмыла жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда репертуарымызда үнемі сахналанатын он екіден астам қойылым бар. Біз өз жұмысымызда барлығын жан-жақты қамтуға тырысамыз. Яғни, ересектермен қатар, кішкентай балаларға арналған мағыналы, маңызды, қызықты, өміршең қойылымдар дайындап, көпшілік назарына ұсынамыз. Кішкентай балаларға арналған қойылымдар тегін, – дейді ол.
Нұркеннің әңгімесінен олардың ұжымы тек қана белгілі бір қойылымдармен ғана шектелмейтініне көз жеткіздік. Оның айтуынша, ұжым жоспарлы жұмыстармен қатар түрлі іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға, сондай-ақ, мерекелерге де үнемі қатысып, өз өнерлерін ортаға салады.
– Әрбір атаулы күн біздің назарымыздан тыс қалмайды. Оларға барынша ертерек және үлкен жауапкершілікпен дайындалуға тырысамыз. Саламатты өмір салтын насихаттап, жастардың өнерге жақын болуын көздеп, оларды барынша осы салаға тартуға бағытталған көптеген жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырудамыз. Басқа ұжымдармен де тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Мен өзім Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жиі барып, қойылымдарды тамашалап тұрамын. Өзіме сабақ алып, үйренуге тырысамын. Сол жерде еңбек ететін өнер иелерінің өнегесі маған да жұқса деген ниет қой менікі, – дейді ол.
Нұркен аудан, облыс көлеміндегі түрлі сайыстарға қатысып бағын сынап жүр. 2009 жылы облыстық “Жігіт сұлтаны” сайысына қатысып, екінші орынды иеленген. Сонымен қатар, “Жас қанат” байқауында да өз өнерін ортаға салып, жеңімпаздар қатарынан лайықты орынға ие болған өнерпаз мұнымен әлі шектелмейтінін тілге тиек етті әңгіме барысында.
Өмір арнасының өнер деген жолында топ жарып, алға ұмтыла білген Нұркен үйленіп, өз отбасын құрған. Бүгінгі таңда зайыбы Кенжегүл екеуінің ортасында Сәкен есімді ұл бала өсіп келеді. Ұстаздық жолды таңдаған Кенжегүл Аяған Шәжімбаев атындағы №3 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.