Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия 35 жастағы әйел мен 29 жастағы оның некесіз күйеуіне қатысты ювеналдық полиция жинаған материалды қарастырды.
Бес айлық баласы бола тұра екеуі де жұмыс істемейді, спирттік ішімдікті көп тұтынады. Олар ер адамның туысының үйінде тұрған. Алайда мас күйінде жанжал шығара бергені үшін үйден қуылған. Қолында баласы бар олар қараусыз қалған автокөліктің салонында түнеп жатқанын полиция қызметкерлері анықтаған. Комиссияның шешімімен бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, одан кейін Сәбилер үйіне ауыстырылған. Ата-аналары ішімдіктен бас тартуға, жұмысқа орналасып, тұрғын үй мәселесін шешуге уәде берген. Олай болмаған жағдайда ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралатын болады.