«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДА ЖАҢА ЕМХАНА АШЫЛДЫ

Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның орталығы – Булаево қаласында 2012 жылы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша құрылысы басталған жаңа аудандық емхана жуырда пайдалануға беріліп, тұрғындар зор қуанышқа бөленді. Қаланың шығыс жағы беткейінде аумағы атшаптырым жерді алатын алаңқайдағы осызаманғы сәулет үлгісінде салынған қос қабатты ғимарат анадайдан көз тартады. 

Жаңа емханаға алғашқы болып балалар бөлімшесінің дәрігерлері еніп, қабылдаулар жасай бастады. Ондағы кабинеттердің қажетті медициналық жабдықтармен жарақтануының жоғары деңгейі балалардың ата-аналарын таң қалдыруда. “Бұл шын мемлекеттік қамқорлықтың айғағы, тұрғындардың денсаулығын сақтауға осыншама көңіл бөлініп, мол қаржы жұмсалып отырғаны еліміздің тұрақты даму жолына түсіп, әлеуметтік мәселелерді шешуді жедел қолға алуының арқасы”, дейді осында кезегін күтіп отырған ата-аналар. Ғимараттың сырты қандай көрікті болса, іші де сондай әсем. Ең бастысы келушілердің жағдайы ойластырылып, киім ілгіштен бастап, дәліздегі отыратын орындықтарына дейін қаз-қатар тізіп қойылған. Емхананың ішінің кеңдігі ондағы тіркеу және дәрігерлерге жолдама беру жұмыстарында қарбалас тудырмайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа үлгідегі емдеу орнында жаңаша тыныс бары бірден аңғарылады.

 – Иновациялық технологиялармен бірге қадам жасап отырған емханамыз осызаманғы құрал-жабдықтармен жарақтанған, олар диагностикалық зерттеулерді жақсы әрі сапалы жүргізуге және ауруларды бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Емханада сандық рентгендік маммография, сандық флюорография, рентгендік түсіру аппараты, жапондық УЗИ аппараты, фиброгастродуаденскоп аппараты және физио емдеу бөліміне жаңа қондырғылар қойылған. Аудандық орталық аурухананың мамандарын жаңа медициналық жабдықтарда жұмыс істеуге оқыту үшін емханаға оларды орнатқан “Мед-Астана” фирмасы Павлодар, Астана және Мәскеу қалаларынан білікті инженерлер шақыртты. Олар оқытуды жұмыс орындарында жүргізді, – дейді аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлбану Сағындықова.

Жаңа емханада науқастарды қабылдау аурудың 25 бағыты бойынша жүргізіледі. Дәрігерлердің кабинеттерінің барлығы компьютерлермен жарақтандырылған, емхананың орталықтарындырылған желісінде жұмыс істейді. Жаңадан санитарлық автокөліктер алынды. Әзірге науқас балаларға ғана қабылдау жүргізіп отырған емханаға таяуда басқа емдеу бөлімдері де көшіріледі. Сөйтіп, ауданның басты ем-дом орталығы өзінің толыққанды қызметіне кіріседі. Қазіргі озық медициналық құрал-жабдықтардың арқасында жаңа емханада сапалы және сенімді дәрігерлік көмек жасауға мүмкіндік мол.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Булаево қаласындағы жаңадан іске қосылған аудандық емхана.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp