«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауданға жазушы есімі қашан беріледі?

“Жақында әлеуметтік желілерде Тимирязев ауданына академик жазушы, биыл туғанына 120 жыл толып отырған жерлесіміз Сәбит Мұқановтың есімі беріледі дегенді оқып, қуанып қалдым. Жазушының туған жері – Дос көлі осы аудан аумағында екенін білемін. Бұл өзгеріс нақты қашан болатынын сұрағым келеді”, – делінген оқырман сауалында.

Бұл сауалға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Ернияз Сұлтанов жауап берді:

– Соңғы екі жылда облыстық ономастика комиссиясының 8 отырысы өтіп, 4 ауылдық окуругтің, 5 елді мекен мен 150-ден астам көшенің атауы өзгертілді, кейбірінің тарихи атаулары қалпына келтірілді. Одан бөлек, былтырдан бері Қызылжар ауданында 120 көшенің атауын өзгертуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылып, нақты шешімдер қабылданды.

Жоғарыдағы сұраққа тоқталатын болсақ, өткен жылы Тимирязев ауданына жерлесіміз, академик жазушы Сәбит Мұқановтың есімін беру туралы аудандық мәслихат пен әкімдіктің біріккен шешімі шығарылып, ол ономастика комиссиясы тарапынан қолдау тапқан болатын. Бұл ұсынысты облыстық мәслихат пен әкімдік бекітіп, республикалық құзырлы ведомстволардың қарауына жіберген.

Республикалық ономастикалық комиссия қарап, оң қорытынды шығарды. Ел құлағын елеңдеткен жақсы жаңалықтың кешеуілдеуінің бір себебі – елде орын алған карантин шаралары. Екіншіден, биыл өтеді деп белгіленген, алайда, келер жылға ауыстырылған халық санағына байланысты да ұзаққа созылып кетті. Дегенмен, тиісті құжаттар қабылданып, ретке келтіріліп жатыр, оң шешім тауып қалуы тиіс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp