«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АУЫЛДАРДА ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ТАПШЫ»

Жанат Елеусізов – Қызылжар аудандық мәслихатының төрағасы, №13 сайлау округі бойынша депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Мені Қызылжар аудандық мәслихатының депутаттығына «AMANAT» партиясы ұсынды. Осы елдің азаматы ретінде ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін демократиялық қайта құрулардың бел ортасында болғанды жөн көрдім. Сайлауға түсер кезде өз округімнің ғана емес, бүкіл аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсетуге бел будым. Осыған дейін аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымына праймериз арқылы депутат болып сайланған едім. Осы жолғы сайлауда бұған дейін атқарылған жұмыс пен тәжірибе сайлаушылардың 80 пайыздан астам дауысын жинауға мүмкіндік берді.

Соколовка және Лесной ауылдық округтері тұрғындарының көрсеткен сенімін ақтау мақсатында оларды толғандырып отырған мәселелерді назарға алдым. Аталған ауылдық округтердің құрамына Соколовка, Пресновка және Глубокое ауылдары кіреді. Үш ауылда үш мыңға жуық адам тұрып жатыр.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Аудандық мәслихат депутаттығына өз кандидатурамды ұсынғанда алдыма бірқатар міндеттер қойдым. Мысалы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, аға буынға қамқорлық жасау, Пресновка ауылында ФАП салу, білім беруді, денсаулық сақтауды, мәдениет пен спортты, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту басты бағдарымызға айналды. Бүгінгі таңда Пресновканың ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы бөлінді, маңызды жұмыс осы жылдың мамыр айында басталады.

Жарықтандыру да назардан тыс қалған емес. Бұл мәселе ауылдарда өз шешімін тапты. Соколовка ауылындағы ең күрделі мәселе – ауызсу. Кеңес үкіметі кезінде салынған құбырларға күрделі жөндеу жүргізу керек. Ол үшін қаражат қажет. Бұл – республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Тиісті салалық министрлікке хат жолдадық. Өз шешімін табады ғой деген үміттеміз. Қазір су уақытпен беріледі.

Мен депутат болып сайланғанға дейін спорт саласында 20 жылдан астам еңбек еттім. Сондықтан бұл саланы ұдайы назарда ұстаймын. Біздің ауданда спорт жақсы дамып келеді. Соңғы төрт жылдан бері аудан құрамасы спартакиадаларда жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан түскен емес. Аудандағы 19 ауылдық округтің барлығында спорт алаңдары салынды. Ендігі мақсат – шағын ауылдарды қамту. Осы мақсатта балалар, орта жастағылар, аға буын арасында түрлі іс- шаралар өткізілуде. Аудан тұрғындарының 42,5 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады. Алдағы уақытта оны 50 пайызға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда ауданда жабық хоккей корты салынып жатыр. Биыл халық игілігіне берілуі тиіс.

Ауданымыздың қыздар арасындағы баскетбол құрамасы Соколовка ауылының бұрымдыларынан жасақталады. Ол жерде білікті мамандар, бапкерлер бар. Жуырда ғана тәрбиеленушілері ауыл мектептері арасындағы республикалық жарыста 15 команданың ішінде 4 орыннан көрінді. Бұл – үлкен жетістік. Сонымен қатар Соколовкада армрестлингке қызығушылар көп. Пресновка ауылында қысқы спорт түрлері жақсы дамып келеді. Президенттік көпсайыс және шаңғы тебуден үздіктер даярланады. Материалдық базаны нығайту үшін керек-жарақтың барлығын әпердік. Ал Глубокое ауылындағы мектеп оқушылары үстел ойындарына бейім.

Қай уәдемді орындадым?

Жалпы екі-үш жылдың үшінде ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар. Ауылдық Мәдениет үйлеріне, мектептерге күрделі жөндеу жүргізілді. Пресновка мен Глубокое ауылының тұрғындары мал өсіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында игерілмей жатқан жерлерді халыққа беру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Көктемгі су тасқыны Қызылжар ауданына оңай тиген жоқ. Соколовка ауылының тұрғындары да зардап шекті. Есіл өзеніне жақын орналасқан көшелерді су басты. Осындай жағдайдың алдын алу үшін бөгет тұрғызылып жатыр.

Соколовка ауылының көп көшелерінде жарық жоқ болатын. Тұрғындардың қараңғы уақытта жүріп-тұруы қиын еді. Бүгінгі таңда ауылдың 98 пайызы жарықтандырылды. Биыл жарықтандыру желісіне жөндеу жүргізу үшін жобалық- сметалық құжат әзірленді. 5 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл ауылдың шеткі жағында көктем және күз кезінде көлік түгілі адам жүре алмайтын көшелер болды. Оларға қиыршық тас төселіп, тегістелді. Биыл ауылішілік жолдарды жөндеуге 68 млн. теңге, спорт алаңын салуға 19 млн. теңге бөлінді. Ауылда орта жастан асқандардың қарасы басым екені белгілі. Оларды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі толғандырады. Осындай мәселе Соколовкада да бар. Былтырдан бері ФАП мамандары аудан орталығынан тұрғындарға қажет дәрілерді алып келіп жүр.

Лесной ауылдық округі құрамындағы қос ауылдың әлеуетін арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Былтыр Пресновка ауылында ФАП ашылды. Ол республикалық бағдарлама аясында салынды. Енді ауылішілік жолдар жөнделмек. Бүгінгі таңда 207 млн. теңгеге конкурс жарияланды. Сонымен қатар Пресновка және Глубокое ауылында ойын алаңдарын салу үшін 7 млн. теңге бөлінді. Ендігі көтеріліп отырған мәселе – трассадан Глубокоеға апаратын жолды жөндеу. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты жасалуда. Тұрғындар автобус Глубокое ауылына кірсе екен деген өтініш айтқан еді. Бұл мәселе де оң шешілді. Осы ауылдағы су тарату желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 24 млн.теңгеден астам қаржы бөлінді.

Халық маған сене ме?

Халықтың сенімін ақтауға тырысып жатырмыз. Тұрғындар айтқан мәселені аудандық деңгейде, онда шешілмесе облысқа депутаттық сауалдар жібереміз. Ай сайын кездесулер, жеке қабылдаулар өткіземіз. Аудандық мәслихат депутаттарының тұрғындармен кездесуін реттейтін кесте бар. Сол бойынша жұмыс істеймін. Одан бөлек, «AMANAT» партиясы да депутаттардың сайлаушылармен кездесетін кестесін жасап қойған. Биылдан бастап әр депутат өз сайлау округінде есеп беру кездесуін өткізуге міндетті. Алдағы уақытта әр тоқсан сайын осындай кездесулер ұйымдастырылатын болады.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp