«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАРДЫҢ ҚҰРЫП КЕТУІНЕ ӘКІМДЕРДІ КІНӘЛАУ БАСЫМ

1997 жылы құрылған Жамбыл ауданында содан бері 14 әкім ауысқан екен. Осы уақытта облыстың басшысы да 10 рет өзгерген. Солардың бәрімен тіл табысып, қызмет етіп келе жатқан бір адам бар. Ол – 28 жыл бойы ауылдық округ әкімі болып жұмыс істейтін Тұрмыс Иманжанов. Соңғы 16 жыл Благовещенка ауылдық округін басқарады. Аудан орталығы болған кезде атағы дүркіреп тұрған Жекекөлдің (көнекөздер солай атайды) қазіргі тыныс тіршілігін білу мақсатымен өңіріміздегі (еліміз бойынша болуы да мүмкін) ең тәжірибелі әкіммен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Тұрмыс Мәдениетұлы, сұхбатымызды бірден ауылдардың тыныс-тіршілігінен бастасақ қарсы емес шығарсыз? Округ құрамында болған Талпын елді мекені жабылды. Ал қалған үш ауылдың қазіргі жағдайы қалай?

– Қазіргі таңда Благовещенка, Майбалық, Богдановка ауылдарында 2781 адам тұрып жатыр. Округ аумағында 12 фермерлік, 4 шаруа қожалығы, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Олардың ішіндегі ең ірісі және әлеуметтік мәселелерді шешуге зор үлес қосып отырғаны – «Атамекен – Агро».

Благовещенка ауылдық округін дамытуға 2017 жылдан бастап бюджеттен қаражат бөліне бастады. Сол жылы бізге 17 млн.теңге беріліп, 6 көшеге қиыршық тас төселді. Келесі жылы үш көше жөнделді. Осылайша жыл сайын қаржы бөлініп, ауылішілік жолдардың сапасы жақсара түсті. Округ орталығы – Благовещенка ауылында 41 көше бар. Алдағы уақытта тағы жеті көшені жөндеуіміз керек. Биыл жалпы сомасы 230 млн. 285 мың теңгеге Дачная, Белогуба, Строительная, Юбилейная көшелеріне орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Қажетті жобалық-сметалық құжаты дайын.

Округте тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мәселесі 70 пайызға шешілген. Суды үйлеріне тартып алып жатқандар бар. Бұдан бөлек, былтыр аудандық әкімдік Архангелка, Благовещенка, Троицк ауылдарын Преснов топтық су құбырына қосу үшін жобалық-сметалық құжат әзірледі. Ал біз ауыл ішінде болған бұрынғы су құбырларын жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындап қойдық.

Округ аумағындағы елді мекендерді жүз пайыз жарықпен қамтамасыз ету негізгі бағыттарымыздың бірі болатын. Бұл да шешімін тапты. Мәселен, Майбалық ауылында 12 отбасы тұрып жатса, көшелерінде 21 шам жанып тұр. Богдановкада бес отбасы қалса, көшені сегіз шам жарықтандырады. Ал округ орталығы – Благовещенкада 414 шам жанып тұр.

– Жоғарыда 2017 жылдан бастап қомақты қаражат бөліне бастады дедіңіз. Неге осы уақытқа ерекше тоқталдыңыз? Оған дейін елді мекендерге қаржы бөлінбеуші ме еді?

– Елімізде 2018 жылы халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендер үшін төртінші деңгейлі бюджет енгізілгені белгілі. Оған дейін қанатқақты жоба ретінде бірқатар ауылдық округтерде тәжірибеден өткізілді. Солардың қатарында біздің ауданнан Преснов және Благовещенка ауылдық округтері кірді. Бір сөзбен айтқанда біздің округке төртінші деңгейлі бюджет 2017 жылы енгізілді. Шынын айтайын, бұл біз үшін тиімді болды. Ауылдық округ әкімдері өз қазанына өзі иелік етіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруы тиіс болса, сол үміт ақталды. Маңызды мәселелерді шешуге және жергілікті қоғамдастықтың елді мекендердің дамуына атсалысуына мүмкіндік туғызды. Ал оған дейін қоқыстан тазартуға, жолды жөндеуге деп азын-аулақ ақша бөлінетін. Қазір төртінші деңгейлі бюджеттің арқасында әкімдіктің 1 млн. 213 мың теңге қаржысы бар. Мен ол қаржыны ауылдардың кем-кетігін түгендеуге жұмсаймын. Мәселен, округтің 2025-2026 жылдардағы жұмыс жоспарына сәйкес қажетті жобалық-сметалық құжатты дайындап қоюды жоспарлап отырмын. Өткен жылы бюджетіміз 4 млн. теңгедей болды. Мен сол қаржыға көшелерге 10 бейнебақылау камерасын қойдым. Қазір округ орталығындағы тәртіпті учаскелік инспектор камерадан қарап отырады.

– Округтегі халықтың тұрмысын қалай бағалайсыз?

– Менің ойымша, ауылдық округ халқының тұрмысы жақсы, 72 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Қажетті жемшөптерін серіктестіктерден сатып алады.

– Округ тұрғындарының 72 пайызы мал өсіріп отыр дедіңіз, жайылым жерден тапшылық жоқ па? Соңғы жылдары көптеген ауылдың тұрғындарына жайылым жетпей жатқаны мәлім.

– Бізде мұндай мәселе жоқ. Себебі кезінде жайылым жерлерді ешкімге берген жоқпыз. Серіктестіктерге де елдің маңайын жыртқызбай отырмыз.

– Майбалықта 12 үй ғана қалды дедіңіз. Жамбыл ауданында осы оқу жылында бес мектеп жабылса, соның бірі – осы ауылдағы білім ордасы. Және аталмыш елді мекенде салынған күйі бос тұрған жаңа үйлер бар. Майбалықтың тағдыры не болмақ?

– Осы жерден басын ашып айтайын, Майбалық ауылындағы бос тұрған үйлер «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған жоқ. Кезінде Майбалық ауылын сақтап қалу үшін тұрғындардың өтінішімен бой көтерген үйлер ғой. Алайда көшіп келген 2-3 отбасы ауылға тұрақтамай, округ орталығына қоныс аударды. Ауылда тұрғындар азайғасын, жастар тұрақтамағасын мектеп те жабылды. Бұрын бұл ауылда «Сәби» деген шаруа қожалығы болған. Олар жерін басқа серіктестікке тапсырды. Жаңа серіктестіктің басшысы жуырда келіп, сырттан жұмысшылар әкелетінін, бос тұрған үйлердің төрт-бесеуін алуға ниетті екенін айтып кетті. Өткен жылы Майбалықтың көлін Қобыланды Бекмурзин деген азамат жалға алған еді. Ол кісі де екі үйді балықшыларына бермекші. Осылай ауылда жұмыс орындары ашылса, сырттан жұмысшылар келсе, ауылдық тамырына қан жүгіре ме деген үміттеміз.

– Округ құрамындағы тағы бір елді мекен – Богдановка ауылының тарап кетуі әбден мүмкін. Бұл ауыл жайлы не айтасыз?

– Соңғы үш жыл аталмыш ауылда 6 отбасы күнелтіп жатыр. Онда «Айсұлу» шаруа қожалығы бар. Сол ауылдың жолын ашып, көмек қолын созып отыр. Оңтүстіктен көшіп келген бір отбасы қой өсіреді. Благовещенка ауылына көшіп келушілер өте көп. Санап отырсам, осында маңайдағы 22 ауылдың тұрғыны қоныс аударған екен. Мысал үшін айтайын, бірер күн бұрын Есперлі ауылынан бірден 7 отбасы көшіп келді. Қазір мұнда үй бағасы қымбат. 2-3 бөлмелі шағын үйлердің құны 800 мың теңгеден басталады. Астанадан бір азамат осында мал өсіру үшін келгелі жатыр. Ішіне су тартылған, қора- қопсысы бар үйді 7 млн.теңгеге сатып алды. Сонымен қатар басқа аудандардан жұмыс барысымен қоныс аударып жатқандар да көп. Қазір «Атамекен – Агро» ЖШС өзіне қажетті мамандарды әр жерден тартып, үй беріп, жағдайларын жасауда. Бір сөзбен айтқанда, шағын ауылдар ірі елді мекендерге қосылып жатыр. Ауылдарды сақтауға сол жердің тұрғындары жанашырлық танытуы керек. Бізде, керісінше, жергілікті билікті кінәлау басым. Өздері тұрақтамаған ауылға сырттан біреу келіп тұрақ табатындай көреді. Әр адам туған ауылын сақтау үшін өздері әрекет етуі керек.

– Майбалық пен Богдановка ауылы автобус қатынасымен қамтамасыз етілген бе?

–Майбалыққа да, Богдановкаға да бір емес 2-3 автобус барады. Оларда автобус қатынасы үзілген емес.

– Сіз аудандағы ең тәжірибелі ауылдық округ әкімісіз. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық күйзелісті де, одан кейінгі уақытта ауылды дамытуға бағытталған шаралардың жүзеге асырылу барысын да бір адамдай білесіз. Көргеніңізді, түйгеніңізді салыстырмалы түрде айтсаңыз.

– Мен әкімдік қызметті 1996 жылы Петровка ауылдық округінде бастадым. Кейін Троицк ауылдық округіне әкім болдым. Жарық жоқ, бидай өтпей элеваторда күйіп жатқан уақыт қой. Оңтайландыру, экономикалық тоқырау жылдары азып-тозуға шақ қалған ауылды көтеру оңай болмады. 2009 жылы Благовещенка ауылдық округіне әкім болып тағайындалғанымда бірінші рет еңбекақы алдым. Оған дейін еңбекақы бермейтін, жылдың аяғында үйіңнің жанына көмір төгіп кететін. «Көмірді жұртқа сатып, ақша қыл» дейтін. Ол кездері тұрғындарды елдің емес, қара бастың қамы көбірек толғандыратын. Біздің де көп уақытымыз күнделікті тіршілік түйткілдерін шешумен өтті. Әлі есімде, Благовещенка ауылдық округіне әкім болып келгенде Ғабит Мүсірепов көшесінде 6, Сегіз сері көшесінде 8, Республика көшесінде 4 шам жанып тұрды. Қалғандары тас қараңғы. Көшелердің асфальты шұрық тесік, жүру мүмкін емес-тін. Ол уақытта жылына екі рет тұрғындар алдында есеп береміз. «Жолды тегістеңдер, тым болмаса күл төгіңдер» деген шағымдар жиі түсетін.

– Округте еңбекақының орташа көлемі қанша?

– Біз ай сайын осындағы ұйымдардан еңбекақының орташа көлемін сұратамыз. «Атамекен – Агро» серіктестігінде орташа еңбекақы – 191 мың теңге. Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өсті. Кейбір шаруа қожалықтары жұмысшыларынан айырылып қалмас үшін жұмыс істесе де, істемесе де жыл бойы еңбек-ақы төлеп отыр. Себебі қазір жұмысшы табу қиын. Міне бізге бір серіктестік бидай артуға және оның орнын сыпыруға жұмысшылар сұрап, өтініш түсірді. Ешкімнің барғысы жоқ. Жұмыссыз ретінде тізімге алынғандарды шақырып, сөйлесіп жатырмыз.

– Округте жұмыссыздық бар ма?

– Бізде жұмыссыздық деңгейі – 0,4 пайыз. Округте 41 ұйым жұмыс істеп тұр. Мәселен, ауылдағы мәжбүрлеп емдеу орталығында 267 адам еңбек етеді. Өткен жылы ауылға Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан 17 отбасы көшіп келіп, 70 адам қосылды. Олардың барлығы Благовещенка ауылына қоныстанды. Тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілді. Берілген қаржыны тиімді пайдаланған олар қазір ешкімге қол жаймай, өз күндерін өздері көре алатындай жағдайға жетті. Олардың көшіп келгеніне, жергілікті жерге сіңісіп, адал еңбек етіп жатқандарына ризамын.

– Қазір облыс көктемгі су тасқынының алдын алу қамында. Бұл ретте округте қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Благовещенка ауылының Лесхоз деген бөлігін су басатын. Өткен жылы қарды уақытында шығарып, қызыл судан аман қалды. «Сақтанғанды сақтайды» демекші, қосымша диаметрі кең еріген су ағатын құбыр салып қойдық. Енді ол жақты су баспайды.

– Үлкендер Благовещенканы Жекекөл деп атаушы еді. Қазір осы атау ұмытылып бара жатқандай. Оның үстіне ауылда орысша аталатын көшелер де басым. Ауылдың, көшенің атауын өзгертуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Өткен жазда ауыл атауын өзгертуге қатысты ономастикалық комиссия жиналыс өткізген еді, қарсылық танытқандар басым болды. Ал көшелерге қатысты айтар болсам, алтауының атауын өзгерттік. Социалистическая дегенге Төлебай Мұстафиннің, Коммунистическаяға Герольд Бельгердің, Чапаевқа Мағжан Жұмабаевтың атын бердік. Сонымен қатар үш қысқа көше Достық, әл-Фараби, Шаталов деп аталды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp