«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫ САҒЫНҒАН ДӘРІГЕР

Жеке кәсіпкер Жандос Кенжетаев биыл Аққайың ауданының орталығында стоматологиялық емхананы іске қосты. Бұл саладағы еңбек өтілі бесінші жылға ғана аяқ басқан дәрігер өзінің мақсатын осылай жүзеге асырып отыр.

– Астанадағы медицина академиясында тіс дәрігері мамандығына баулынып жүрген кез келген студент болашақта өзінің жеке стоматологиялық кабинетін немесе жеке кәсіпкерлігін ашуды армандайды. Ата-анамның көмегімен және мемлекетіміздің кәсіпкерлікке жасап отырған қолдауының арқасында арманым жүзеге асты, – дейді жас кәсіпкер.

Жандос Қонысбайұлы 2009 жылы Астана қаласындағы медициналық жоғары оқу орнын тамамдап, үш жылдан астам Петропавлдағы “Дентекс” стоматологиялық емханасында жұмыс істеді. Жас маман облыс орталығындағы белді клиникалардың бірінде еңбек ете жүріп, тәжірибе жинап, біліктілігін шыңдай түсті. Алайда, бірнеше жылдан бері қала тұрмысына бейімделген жігіт өзінің ауылдық өмірге қайта оралу себебін туған жерге сүйіспеншілігімен түсіндірді.

– Мен “Дентексте” жұмыс істеп жүрген кезде аққайыңдықтар қабылдауға көп келетін. Тіс – уақытында емделмесе, адамның жүйкесін тоздыратын ауру. Соған шыдап, көліктің ретіне қарай облысқа жол тартып, емделуге келген жерлестеріме жаным ашитын. Сондықтан туған ауданымның жағдайын ойлауды өзімнің адамгершілік парызым санадым. Әкем де бұл шешімімді қолдап, кәсібінің қолданыстағы ғимаратынан орын берді. Бүгінде ол да, мен де аққайыңдықтар үшін тиімді жағдай жасағанымыз үшін қуаныштымыз, – деп ол әке қамқорлығын да мақтан етті.

Жандос Кенжетаев “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызбен 3 миллион теңге көлемінде берілген несие қаржысына және өзінің еңбек етіп жиған-терген қаражатына стоматологиялық заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, ғимараттың ішіне күрделі жөндеу жүргізген. Адам денсаулығына қолғабыс жасауды мақсат еткен кәсіпкер жұмыстарын заман талабына сай ұйымдастырып, қасына білікті дәрігерлерді топтастыру үшін облыс орталығынан мамандар тартқан. Ашылғаннан бергі үш ай ішінде емханада істейтін төрт дәрігер 500-ге жуық адамды қабылдапты.

– Кәсіпкерлікпен айналысу адамның мүмкіндігін арттырады. Мен осы істі қолға алғаннан бері көп нәрсені үйрендім, көп адаммен таныстым. Осыған дейін бойымда үлкен күштің бар екенін де білмеппін. Жеке кәсіпкерлікті рәсімдеу, несие алу ауыртпалық тудырған жоқ. Кәсіпкерлігіміз енді ашылып жатқан кезде елімізде теңге девальвациясы болып, алғашқы қиындықты да бастан өткердім. Бірақ біз шетелдерден әкелінетін дәрі-дәрмектерді пайдалансақ та, емхананың бастапқыда белгілеген қызмет көрсету бағасын өсірген жоқпыз. Өйткені, біз бағаны емес, бізге сенім артып, емделуге келушілер қатарын көбейтумен табыс тапқанды жөн көреміз. Ал алдағы жылы мемлекеттік тапсырыстар бойынша ұсынылатын тендерлерге қатысып, тиімділік әрекеттерін жасауды көздеп отырмыз, – дейді алдына қойған жоспарына сенімді кәсіпкер.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: кәсіпкер Ж. Кенжетаев.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp