«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА БАР, ЖАС МАМАН!


 

Биылғы тамыз конференциясында алдағы төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есе өсетіндігі айтылды. Бұл жағымды жаңалық ұстаздар қауымын ерекше қуанышқа бөлегені анық. 

Ұстаздарды ынталандыруға бағытталған шаралар біздің облыста да қолға алынған. Мәселен, биылдан бастап жаңартылған бағдарлама бойынша білім беретін педагогтарға қосымша ақы төленуде. Ауыл мектептері мұғалімдерінің еңбекақысы 25 пайызға көбейді. Аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес 3 мыңнан астам ұстаз 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы алады. Бүгінде 1500-ден астам педагогтың еңбекақысы 220 мың теңге көлемінде. Бұл үшін биыл республикалық бюджеттен 4287,8 мың теңге қаржы бөлінді. Мұғалімдердің еңбекақысының өсуі жас мамандарды да ынталандыратыны анық.

Облыстағы 17 мыңнан астам педагогтың 75 пайызы – жоғары білімді. Ал магистр дәрежесі бар ұстаздардың саны биыл 187-ге жетті. Жыл сайын 200-ден астам жас маман білім беру ордаларына жұмысқа орналасады. Биыл қызметке орналасқан 676 педагогтың 252-сі жас маман екенін де айта кеткен жөн. Заманауи технологиялар мен әдіс-тәсілдерді игеру арқылы жаңа заманға бейім жастардың педагогикалық мамандықтарға қызығушылығы артып отырғаны қуантады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын айтып, негізгі мәселе ауылдық жерлерде білікті педагогтардың жоқтығында екеніне назар аударған еді. Бүгінде ел жастарының ауылда жұмыс істеуге деген қызығушылықтарын арттыру бағытында “Диплом мен – ауылға!” бағдарламасының аясын кеңейтудің маңызы зор. Бұл арқылы жастар елді мекендерді көркейтуге де өз үлесін қоса алады. Ауылды көркейту ұзақмерзімді стратегиялық міндеттердің қатарында қала беретінін атап көрсеткен ел Президенті Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырды.
Соңғы бес жылда облыстағы ауыл мектептеріне 1180 педагог жұмысқа орналасты. Соның ішінде 850-і – “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының қатысушылары. 441 педагогқа 78 млн. теңгенің көтермеақысы төленіп, баспана сатып алу және салу үшін 278 мұғалімге 1206,2 млн. теңгенің несиесі ресімделді. Яғни, жастар мамандығы бойынша жұмысқа орналасып қана қоймай, баспанамен де қамтамасыз етіледі.
Сөздің тоқетерін айтсақ, елімізде ұстаздық жолды таңдап, шәкірт тәрбиелеймін деген жас мамандарға зор қолдау көрсетілуде. Бастысы, олар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еліміздің кемел келешегі үшін аянбай қызмет атқарса екен дейміз.

Гүлшат ШАЙМЕРДЕНОВА,
облыстық білім басқармасының бас маманы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp