«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАБЫСТЫ САЛАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

Өңір тұрғындарының 56 пайызы ауылда тұрады. Яғни, солтүстікқазақстандықтардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Алайда, бұл сала тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда да, өңірдің әлеуетін арттыруда да артылған сенімді ақтай алмай отыр.

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдық кеңестің кезекті отырысына қатысып, өңіріміздің өткен бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады. Алдымен өңір экономикасының негізгі тірегі болуы тиіс ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі ахуалына кеңірек тоқталған өңір басшысы соңғы бес жылда жалпы өнімнің көлемі артқанымен, өндірілген өнімнің сапасы сын көтермейтіндігін айтты. Себебі, элеваторларға түскен астықтың 50 пайыздан астамы – 4-5 сұрыпты дақылдар.

– Жерді ұқыпсыз ұстау, оның тиімді пайдаланылуына бақылаудың болмауы мәселені ушықтырып отыр. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер салықты тым аз төлейді, тиісті көлемде еңбекақы бермейді, жұмысшылары үшін қолайлы жағдай жасамайды. Бұған жол беруге болмайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының кредиторлық қарызы – 613 млрд. теңге. Жыл сайын бөлінетін субсидия өнімділікті арттырып, өнімнің өзіндік құнынын төмендетіп, еңбекақыны өсіріп, кредиторлық қарызды жабуы тиіс еді. Ал өткен бес айдағы агроөнеркәсіп кешені жұмысшыларының орташа еңбекақысы – 66 мың теңге ғана. Бұл қажырлы еңбекке төленетін ең төмен еңбекақы, – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.

Бұл мәселені еңсерудің бірден-бір жолы – жерді пайдалануда тұтынушылық көзқарасты жою. Ауыл шаруашылығы құрылымдары иелігіндегі жер мемлекеттікі, ал оларға тек пайдалану құқығы берілгенін ұмытпаған жөн. Өңірімізде жердің 70 пайызын иемденіп отырған 511 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін ірі кәсіпорынның тек 106-сы ғана табысты жұмыс істеп отыр. Ендігі міндет – жерді игере алмай отырғандармен тиянақты жұмыс істеп, ауыл шаруашылығын табысты салаға айналдыру.

Әкімнің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының табыстылығын арттыру үшін егіс алқабын әртараптандыру керек. Бүгінгі таңда майлы дақылдар алқабы 712 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл республика бойынша барлық майлы дақылдар көлемінің 30 пайызын құрап отыр. Бұршақ дақылдарының да егіс алқабы кеңейтіліп, жасымық 2,5 есе мол себілген. Алғаш рет соя өсіру қолға алыныпты.

– Мамандардың айтуынша, өңірімізде атқарылған бұл жұмыстар Қазақстанның әлем бойынша жасымық өсіруден 5-орын, ал оны экспорттаудан 4-орынға шығуына мүмкіндік бермек. Бүгінде бидайдың бір тоннасының өзіндік құны 22 мың теңгені құраса, нарықтағы бағасы 40 мың теңге көлемінде. Ал жасамықтың 1 тоннасының өзіндік құны 32 мың теңге болса, сатылымда 200 мың теңгеге бағаланған, – деді Құмар Іргебайұлы.

Болашақта пайдасы шаш етектен саналатын майлы және бұршақты дақылдар алқабын бір миллион гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Мал шаруашылығын дамытуда да бірқатар кемшіліктер бар. Өңірімізде 3800-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші болса, оның тек 29 пайызы ғана мал өсіреді екен. Ал ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудың бірден-бір жолы – жыл бойы қажырлы еңбекті қажет ететін мал шаруашылығын дамыту. Жыл аяғына дейін тұрақты жұмыспен қамтылғандардың санын 15 мыңға дейін көбейтуді көздеп отырған біздің өңір үшін бұл аса маңызды екені сөзсіз.

Ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жеткенімен, оларды жаңарту жұмысы да баяу жүргізілуде. Мәселен, қолда бар 13500 трактордың 73 пайызы тозған. Ал жаңарту көлемі 1,4 пайызды ғана құрап отыр. Үстіміздегі жылы 450 жаңа техника сатып алынғанымен, бұл да жағдайды жақсарта алмаған. Сол себепті сырттан сатып алып жүрген техникаларды өзіміздегі кәсіпорындарда жасап шығару қолға алынбақ.

Өткен бес айда өнеркәсіпте 86,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Тапсырыс берушілерді іздеп, жүзбе-жүз сөйлесудің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілгенін айтқан өңір басшысы тапсырыстың артуы “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “ЗИКСТО” акционерлік қоғамдары жұмысшыларының еңбекақысын 25 және 15 пайызға өсіруге мүмкіндік бергеніне тоқталды. Жұмыс істеп тұрған зауыттардың өніміне сұраныс артса, тоқтап қалғандарды іске қосу да күн тәртібінде тұр. Бұл кәсіпорындарды индустриялық аймақ ретінде пайдалану да көзделіп отыр. Өңірімізге инвестиция тартуға басымдық беріп отырған облыс басшылығы инвесторларға қажет ғимаратты салғаннан гөрі қолда барды пайдалану тиімді деп есептейді. Өткен бес айда өңірімізге тартылған инвестиция көлемі 43,8 млрд. теңге болған.

Өңір тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе – жолдың жайы. Бүгінгі таңда жергілікті маңыздағы жолдардың 45 пайызының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде емес. Үстіміздегі жылы осы жолдарды жөндеуге 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенімен жолдың жағдайы тек 4 пайызға ғана жақсарады екен.

Тұрғын үй құрылысына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылы 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілетіндігін айтты. Әсіресе, “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Облыс орталығын абаттандыру және көркейту жұмыстарына тоқталған өңір басшысы көшелер ғана жөнделіп қоймай, аулалар да көркейетінін тілге тиек етті. Петропавл қаласында 400 аула бар, алдағы бір-екі жылда олардың барлығы жаңа кейіпке енбек.

Осы күнге дейін жүзеге асырылған істер және алдағы уақытта қолға алынар жоспарларды жан-жақты баяндап берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов ашықтық пен жариялылық бар жерде тұрғындардың сенімі де артатындығын атап өтті. Сол себепті қоғамдық кеңес мүшелері де өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді ашық айтты. Мәселен, тиімді пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үдерісін жеңілдету, облыс орталығында көлік санының артуына байланысты жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандарда кең көшелер мен автотұрақтарды жоспарлау, ағын су кәріздерін жаңарту, Достық үйіне кең ғимарат салу сынды бірқатар ұсыныстар айтылды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp