«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫЛСА КӨЗІ САНАНЫҢ…

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Қазіргі азаматтық қоғамдағы дін және этнос” тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев, Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин қатысты. Конференцияға қатысушылар Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясының профессоры Гүлмира Біләлованың, “E-Islam” ақпараттық-түсіндіру порталының редакторы Жалғас Сандыбаевтың, ғылыми-зерттеу талдамалық орталығының аға ғылыми қызметкері Берікбол Жанақовтың баяндамаларын тыңдады.

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы өз сөзінде өңірдегі діни ахуал орнықты, жағдай тұрақты екенін айтты. Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының шеңберінде рухани-мәдени құндылықтарды дамыту бағытында қыруар жұмыс атқарылғанын атап өтті. Бүгінгі күні біздің өңірімізде 169 діни ғимарат, оның ішінде 67 мешіт, 31 православие храмы, 44 католик костелі, 28 протестанттық ғибадат үйі жұмыс істейді. Облыста құрылған 16 ақпарат­тық-насихат тобының құрамына дәс­түрлі конфессиялар өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ардагерлер мен жастар тартылған.

Ал Ғалым Шойкин конференция меймандарына дәстүрлі діннің артықшылықтарын баяндай отырып, мәдени және рухани құндылықтарды сақтауға шақырды. Өскелең ұрпақты теріс ағымдардың ықпалынан сақтап, оларға дәстүрлі дінді түсіндіруге бағытталған жұмысты баяндады. Сондай-ақ, діни сананы қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау, ради­­кализмнің, экстремизмнің, терроризмнің жолын кесу мақсатында бүгінгі күні елімізде “Қауырт желі – 114”, дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары жұмыс істейді.

Конференция меймандары “Дінтануды оқытудың өзекті проблемалары”, “Ислам дініндегі ұлт тұжырымдамасы”, “Қазіргі азаматтық қоғамдағы дін және этнос” және тағы басқа тақырыптарды қозғап, ойларын ортаға салды.

Шара соңында мәдени және рухани құндылықтарды, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырған Үндеу қабылданды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp