«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫҒАМЫН ДЕП АУРУҒА ШАЛДЫҒЫП ЖҮРМЕҢІЗ

Сәулетті қонақүйдің кең залының ортасына қойылған подиумды жағалай жиналған жұрттың қарасы қалың. Бұл отырғандар тегін адамдар емес. Қырағы көздер Уругвайдағы сән апталығында ортаға шыққан әр модельді мұқият бақылап отыр. Ортада жүріп өткендердің үстеріндегі соңғы үлгідегі сәнді киімдерінен бөлек жүріс-тұрысы, бет-әлпеті, сымбаты да сарапқа салынады. Бірнеше минуттан кейін небәрі 22 жастағы Луисель Рамостың да кезегі келмек.

Модель бұл жолы да үйренген әдетінше подиуммен жүріп өтті. Сахнаның сыртына таяп келе жатып тез арада киім ауыстырып, екінші көрсетілімге шығуы керек екенін ойлады. Сөйткенше болған жоқ басы айналып, аяғының әлі құрып, құлап түсті. Дәрігерлер модельдің аштықтың кесірінен жүрегі ұстап қайтыс болғанын растады. Өмірінің соңғы күндері модельдің салмағы небәрі 44 килограмм болған екен.

Осы оқиғадан кейін 15 жылдан астам уақыт өтсе де, өзін-өзі аштыққа мәжбүрлегендер мәселесі қоғамды әлі де алаңдатып келеді. Көп алдында сұлу көрінемін деп ашығудан қайтыс болған модельдер мен қаралым жинау үшін ұзақ уақыт нәр сызбай о дүниеге аттанған блогерлерді тізе беруге болады. Оның сыртында түрлі ауруға ұшырап, дертіне дерт жамап алып жүргендер қаншама? Қыз-келіншектер мен жастардың арасында бірнеше күн бойы нәр татпай, ашқұрсақ жүру сәнге айналып кеткендей. Осы тақырыпта жеткілікті білімі болмаса да дәріс оқып, ашығудың әдіс-тәсілдерін үйретіп жүргендер көбейіп барады. Өз ағзасына түрлі тәжірибелер жасап, түсініксіз практикаларды өмір салтына айналдырғандар аз емес. Ашығудың бәріне бірдей пайдалы бола бермейтінін мамандар да растап отыр.

«Ашығудың адам ағзасына пайдалы тұстары да жоқ емес. Алайда мұның бәрі әр адамның ерекшелігіне байланысты жоспарлануы керек. Ғаламтордағы түрлі кестелер мен күн тәртібіне сүйеніп ашығуды бастауға болмайды. Кімге ашығудың пайдалы болатынын, оның кестесін дәрігер ғана белгілей алады. Тамақ жемеу арқылы күніне бір келі салмақ тастау сияқты кеңестерге сенбеген жөн. Тиісті ережелерді дұрыс ұстанбаған адамның зат алмасуы бәсеңдеп, бұлшық еті әлсізденіп, ас қорыту жүйесі зардап шегеді. Егер сіз күнделікті уақытылы тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанып, қажетті калория мен дә румендерді алсаңыз, онда ашығудың еш қажеті жоқ», – дейді нутрицолог Торғын Сағитқызы.

Жаппай ашығудың танымалдылыққа ие болуы Нобель сыйлығын иеленген жапон ғалымы Йосинори Осумидің ашқан жаңалығынан басталды. Алайда ақпарат ағыны ғалымның өнертабысын бұрмалап, көпке теріс түсіндіріп, кәсіпкерлер оны пайда көзіне айналдырды. Шын мәнінде Йосинори Осуми ашығудың пайдасын тапқаны үшін емес, ағзадағы аутофагия процесін түсіндіріп бергені үшін марапатталды. Ол аутофагияны жасушалардың өз құрамындағы компоненттерді өзі тұтынып, регенерациядан өту процесі екенін түсіндірді. Яғни аутофагия арқылы жасушадағы зиянды заттарды жойып, аурулардың алдын алуға болады. Осылайша ағза жасарып, адам өмірі ұзарады. Алайда ғалымдар аутофагияның қандай жағдайда жүзеге асатынын нақты айта алмайды. Ашығудың аутофагияны іске қосатыны толық дәлелденбесе де, адамдардың жаппай жарысып кеткеніне не себеп?

– Кей зерттеулер адамның диета кезінде көбірек салмақ қосатынын растап отыр. Ашығу арқылы артық салмақтан арылғандар аз уақыт ішінде бұрынғы қалпына түседі. Бүгінгі жастар өздерін үнемі өзгелермен салыстыруға бейім. Бұған әлеуметтік желілер әсер етуде. Қыз-жігіттер өзіне не керегін нақты білмесе де желідегі замандастарының жетістіктеріне қызығып, өздері де солардай болғысы келеді. Одан бөлек еш дайындықсыз тәттіден бас тартатындар да бар. Олардың ағзасы тазарғанымен, жүйкесі жұқарып, тіпті күйзеліске түсіп кетуі мүмкін, – дейді психолог Ләззат Кеңес.

Маманның сөзінше, салмақ тастау көпшілік ойлағандай оңай іс емес екен. Расында да тамақтан бас тарту арқылы қысқа мерзімде айтарлықтай салмақтан арылуға болады. Алайда мұның бәрі ұзаққа бармайды. Көп жағдайда диета ұстағандар жарты жылға жетпей бұрынғы қалпына түсетін көрінеді. Дұрыс ашықпаудың адам ағзасына кері әсері де жетерлік. Тамақ ішпеген адамның тәні әлсіреп, ауырсынуды сезінуден қалады. Нәр сызбайтын адамдардың өзін нашар сезінбеуі ағзасының беріктігін емес, денесінің ауырсынуды сезбейтіндей күйге жеткенін көрсетеді.

– Қазақ «бір күн аш болғаннан қырық күн ақыл сұрама» деген. Аш жүрген адамның зейіні әлсіреп, ойлауы баяулайды. Тамақ ішпей жүрген жастардың оқуға да, сабаққа да құлқы болмайды. Көңіл күйлері түсіп, ашушаң келеді. Мұндай ашығудың пайдасынан гөрі зияны көп. Одан бөлек ет жемейтіндерді де кездестіріп жүрміз. Ғалымдар піскен ет жеу мидың жұмысын қамтамасыз ететінін әлдеқашан дәлелдеген, – дейді қала тұрғыны Гүлнұр Өмірбек.

Бұдан ұққанымыз ашығудың астарында адамның тән саулығымен қатар әлеуметтік, психологиялық себептер де бар сияқты. Мұның мәнін жеткілікті түсінбесе де көпке ілесіп, өзіне зиян тигізіп алып жүргендер қаншама? Бүгінгі жастардың асқазан ауруларына шалдығып, ауру-сырқаудың жиілеп кетуі кейінгі буын өкілдерінің дұрыс тамақтануға салғырт қарайтынынан болса керек.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp