«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Ашық әкімдік” — сапалы қызмет

Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында “Ашық әкімдіктің” он екінші фронт-кеңсесінің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин қатысты.

“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің бастамасымен осыған дейін Петропавл қаласында, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов, Мамлют сияқты өзге де аудандарда осындай жаңашылдық енгізілген еді. “Бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істей бастаған фронт кеңсені таныстырған аудан әкімі аппаратының басшысы Елена Пестова оның жергілікті атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты. Онда күтуге арналған арнайы зал, мамандардан түрлі мәселелерге қатысты кеңес алуға арналған алаң, өзіне-өзі қызмет көрсету орны, ақпараттық стендтер мен әлеуметтік бейнебаяндарды көрсететін экран қарастырылған. Келушілерге сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған кеңседе аудан тұрғындары білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, тағы басқа салаларға қатысты туындаған мәселелерін шеше алады. Жалпы, жергілікті әкімдікте мемлекеттік қызметтің 80 түрі көрсетілсе, оның 60-ы электронды форматқа көшірілген. Жаңа әкімдіктің жұмысымен танысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин тұрғындардың сапалы мемлекеттік қызмет алуы аса маңызды екенін және алдағы уақытта “бармақ басты, көз қыстылықтың” алдын алу жұмыстары жетілдірілетінін атап өтті.

Жамбыл ауданына іссапар барысында Ғани Нығыметов пен Нұрлан Жахин “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында инфекция бөліміне жөндеу жүргізіліп жатқан жергілікті ауруханаға, Преснов жалпы білім беретін орта мектебіне және “Еңбек” бағдарламасы аясында өңірімізге қоныс аударушылар үшін салынған тұрғын үйлерге ат басын тіреді. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, жауапты мамандарға кемшін тұстардың орнын толтыру үшін тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp