«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АШЫҚ ӘКІМДІК” ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жергілікті жерлерде тұрмыстық жемқорлықты жою, түрғындарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында аудандарда «Ашық әкімдік» фронт-кеңселері ашылып жатқаны белгілі. Жуырда Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында да заманауи кеңсе пайда болды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

“Бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істей бастаған фронт кеңсе жұмысымен таныстырған аудан әкімі Алтынбек Абдоллаев бұл жергілікті атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты. Кеңседе мамандардан түрлі мәселелерге қатысты кеңес алуға арналған алаң, өзіне-өзі қызмет көрсету орны, күту залы, ақпараттық стендтер бар және әлеуметтік бейнебаяндарды көрсететін экран орнатылған. “Open space” ашықтық қағидаты бойынша жұмыс істейтін кеңседе алты бөлімінің мамандары мен кәсіпкерлер палатасының өкілі отырады. Көмек сұрай келген тұрғындар заңгерлердің, өзіне-өзі қызмет ету, азаматтық актілерді тіркеу, өтініштерді қабылдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету секторларына жауапты мамандардың көмегіне жүгіне алады. Ең бастысы, қызметтердің басым бөлігін электронды форматта алу мүмкіндігі қарастырылған.
Фронт-кеңсенің ішін аралап көрген облыс әкімінің орынбасары ғимаратты тиімді пайдалануға баса назар аударып, тұрғындарды қабылдау кабинетінің бірінші қабатқа көшірілуі дұрыс шешім екенін тілге тиек етті.
– “Open space” ашықтық қағидаты бойынша жұмыс істейтін кеңсенің ашылуы мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартады. Оның ыңғайлылығын, әсіресе, егде жастағы адамдар сезінеді. Сондай-ақ, мұнда электронды үкімет қызметтерін алу үшін барлық жағдай жасалған. Жергілікті қызметкерлер әрдайым техникалық жағынан көмек көрсетуге әзір екенін көріп отырмыз. Бұдан былай ауыл тұрғындарына аудан әкімінің қабылдауына жазылудың қажеті жоқ. Ендігі кезекте сервистік әкімдіктің халық үшін тиімді қызмет етуіне басымдық беру керек, – деген Ғани Сақтағанұлы фронт-кеңседе ашықтық, қолжетімділік, клиентке бағдарлану сынды талаптар қойылатынын атап айтты.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан бойынша коронавирустық індетке қарсы дайындық іс-шараларын тексерді. Ғани Нығыметов аудандық орталық аурухана мен дәріханаларда коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің бар-жоғына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp