«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚАН СЕРІ ӘНДЕРІ ӘУЕЛЕДІ

Жуырда Петропавлдағы Жастар сарайында Ақан серінің әндері әуелеген әдемі кеш өтті. “Ақан серінің әндерінің концерті” деп үкіленген осынау кеш жасынан өлең айтып, домбыра тартып, ән шығарумен шұғылданған Ақжігіт Қорамсаұлының тұтас өмірін көрсеткен, келбетін танытқан рухани жиын болды. Өйткені, халқымыздың тарихында өнері алтын әріптермен жазылып қалған тұлғаның өмірі, шығармашылығы әндерімен қатар, ол жайлы жазылған естеліктер арқылы да әдемі өрілді.

Осынау игілікті істің ұйытқысы болған, есімдері өңірімізге жақсы таныс дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушылары, облыстық филармонияның әншілері Жанат Айтпаев пен Біржан Есжанов бастаған бір топ өрендердің қазақ ұлттық өнерінің өңірімізде қанат жая түсуіне арналған сәтті бастамаларына куә болып, қуанып жүрміз. Осы мақсатпен атақты Біржан салдың концерті өткен жылы ұйымдастырылған болатын. Бұл жолғы концерт қазақтың классикалық музыкасының негізін салушылардың бірі – Ақан серіге арналып, оның тауқыметті тағдырын тұтас қамтуды жөн көріпті.

Ақан серінің нәзік лирикамен, сыршыл сезіммен өрілген әндері жерлес жас әншілердің орындауында әуеледі. Қызылжарлық әнсүйер қауымның Ақан сері әндерін шынайы сағынғаны олардың ыстық ықыластары мен қошеметтерінен аңғарылып-ақ тұрды.

Ақан серінің шығармашылығымен етене таныс адам оның әндерінің әуендері бірде ойлы, бірде асқақ, бірде сырлы, бірде ойнақы болып келетінін жақсы біледі. Осы тұста облыстық филармонияның әншісі Ғалымжан Нұрпейісов орындаған “Майдақоңыр” мен “Мақпал” әндері әсерлі шықты.

Ақан серінің аңыз өмірін қанатты пырақсыз елестету мүмкін емес. Осы тақырыпқа арнаған әндері де жетерлік. Әсіресе, “Құлагер” әнінің орны бөлек. Оны жиналған қауым Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, жас әнші Еркебұлан Қаріповтің орындауында тыңдады. Құлагерінен айрылған Ақан серінің сол кездегі қиын өмірін көрсету мақсатында ұйымдастырушылар концертке С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістерін де қатыстырыпты. Ақын Ілияс Жансүгіров жазған “Құлагер” поэмасынан көрсетілген үзінді пырағынан айрылып, құсалы күй кешкен Ақанның сол кездегі трагедиясын көз алдымызға әкелгендей болды.

Содан кейін сөз алған қазақ өнерінің жанашыры, әнші Дәстен Баймұқанов: “Жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” романында “Сегіз сері бір топ жігіттермен келіп қалды” деген сөйлем кездеседі. Сол сияқты, бүгін Біржан Есжанов та төңірегіне бір топ өнерпаз жастарды жинап, келіп қалыпты”, – деді.

Ақан серінің “Балқадишасын”, “Сырымбетін”, “Әудем жерін” шырқаған, көңілді гүлдендірген жас әншілердің беталысы баршаны қуантты. Әсіресе, “Балқадишасын” Париждің төрінде әуелеткен Әміре Қашаубаевты оның дауысы жазылған күйтабақтан естігенде ерекше әсерге бөлендік. Мұның бәрі көрермендердің ықыласын арттырды. Көрермен демекші, рухани кешті тамашалауға келген адамдардың аз болғандығын, зәулім залдың әр бұрышында тауыққа шашқан тарыдай төбе көрсеткендігін айтпай кетуге болмас. Тәлімі мол, рухани азық сыйлайтын осындай шараларда адамдардың жиі бой көрсетпеуінің бір себебін концерттің басталу уақытымен байланыстырған дұрыс сияқты. Сәрсенбіде, яғни адамдардың жұмыстан босап, үйлеріне қарай асығатын кешкі уақыты емін-еркін демалуға қолайсыздық тудырары сөзсіз. Біз сауал жолдаған бірқатар көрермендердің пікірлері де осыған саяды. Мұндай игілікті іс-шаралар тұрғындардың алаңсыз демалуға мүмкіндігі әбден болатын сенбі немесе жексенбі күндеріне орайластырылып өткізілсе, адамдар санының еселенуіне септесер, бәлкім. Ұйымдастырушылардың алдағы уақытта бұл мәселені де ескергені жөн сияқты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp