«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН

Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап еліміз тарихи дамудың жаңа кезеңіне өтті. Егемен Қазақстанның алдында жаңа асулар тұрды. Әлемдік аренада ұлт бо­лып қалу үшін атқарылар жұмыс көп еді. Соның бірі – алты алашқа алтын тұғыр болатын жаңа астананың орнын айқындау. Бұл мәселе тоқсаныншы жылдардың басында көтеріле бастады. Ал 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес елорданы ауыстыру туралы қаулы қабылдады. Осы құжат негізінде еліміздің бас қаласының іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті.

Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, әр мемлекет даму­дың белгілі бір кезеңінде ау­қымды өзгерістерді бастан кешіп, астана ауыстырғанын көреміз. Мысалы, бауырлас Түркия өткен ғасырда өз аста­насын Анкараға көшірді. Ал Бразилия жаңадан салынған Бразилиа қаласын елдің орта­лығы деп айқындады. Жалпы әлем тарихының соңғы жарты ғасырында жиырмаға жуық ел астана ауыстырған. Тағы бір­қатар елдерде түрлі мәселе­лерге байланысты жаңа астана белгілеу туралы пікірталастар толастамай келеді. Кеңес ода­ғы тарағаннан кейін Қырғыз­стан мен Әзірбайжанда да осындай ұсыныстар айтылды. Қырғызстан халқы ауасы лас­танып, кептелісі көбейген Бішкектегі орталықты оң­түстікке жылжыту керек десе, әзірбайжандар теңіз жағасын­дағы Бакудегі халық санының тым көп екеніне алаңдаулы. Сондықтан да егемендіктің алғашқы жылдарында еліміздің бас қаласын Арқаға әкелу мемлекеттің ұзақ жылғы даму бағдарын айқындаған дұрыс қадам болды.

Өткен ғасырдың аяғында астанамызды Алматыдан бас­қа қалаға көшірудің бірнеше себептері аталды. Ең алдымен Алматы географиялық тұрғы­дан елдің шетінде тұр. Өнеркәсіптік тұрғыдан қала өз өркендеу шегіне жеткен еді. Оның орталықтағы индуст­ риялық қалалардан қашықты­ғы өндірістің өркендеуіне ке­дергі келтірді. Оңтүстіктегі қала халықаралық көлік дәліз­дерінен қашық, ал оны дамы­туға биік таулар мүмкіндік бермейді. Бұдан бөлек, эколо­гиялық ахуалға да халықтың алаңдап келе жатқанына көп болды. Бұл себептерге жер сілкінісі қаупін де қосуға бо­лады. Мысалы, 1859 жылы қазіргі Әзірбайжан жеріндегі Ширван хандығының астана­сы болған Шемаха қаласы та­биғи апат салдарынан бір-ақ күнде жермен жексен болып, орталық Бакуге ауысқанына тарих куә.

Еліміздің жаңа астанасы 32 талап негізінде таңдалды. Оның ішінде қаланың геогра­фиялық, табиғи-климаттық, әлеуметтік-экономикалық факторлары мен инженерлік, көлік инфраструктурасын да­мыту мүмкіндіктері, құрылыс, демография, ғылым мен мәде­ниеттің даму жағдайлары ес­керілді. Жаңа астана мәрте­бесіне үміткер ретінде еліміздің ірі өндірістік орта­лығы Қарағанды, география­лық тұрғыдан дәл ортада орна­ласқан Жезқазған және Ақтө­бе қалалары қарастырылды. Алайда, Ақмола барлық та­лаптарға барынша сай елді ме­кен болып шықты. Қаланың еліміздің ғана емес, Еуразия құрлығының орталығында ор­наласуы оның халықаралық беделін арттырады. Сол кездің өзінде Ақмола ірі көлік дәліз­дерінің бойында орналасқан, дамыған қала еді. 50-60 жыл­дары солтүстіктің ауыл шаруа­шылығы орталығы болған Ақ­молада дамуға қажетті еңбек күші де жеткілікті еді. Құры­лысқа қажетті жердің жеткілікті болуы мұнда кезкелген архитектуралық ны­сандарды салуға мүмкіндік бе­реді. Бұл ретте экологиялық ахуал да астананы Ақмолаға көшіруге әсер етті. Жер ре­сурстарының көптігі, Бурабай демалыс аймағына жақынды­ғы елорданың айналасында жасыл белдеудің жайқалуына қолайлы жағдай тудырды. Ар­қадағы жаңа Астана Қазақстанның орталығы мен сол­түстігіндегі өңірлердің дамуы­на серпін берді.

Тарихи шешімді қабылдау­да ұлттық қауіпсіздік мәселесі де маңызды рөл ойнады. Сырт­қы қауіп күшейген тұрақсыз­дық заманында елорданың ел жүрегінде орналасқаны дұрыс. Тарихта мемлекетке қауіп төн­ген жағдайда астананы ішкері аймаққа көшірген жағдайлар болған. Мысалы, соғыс жыл­дары Кеңес одағының орталы­ғын Самараға көшіру жоспары жасалған. Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары әлемдік сарапшылар Орталық Азия жаңа қақтығыстардың ушыққан аймағына айналуы мүмкін екенін болжады. Ар­тынша Өзбекстан мен Қыр­ғызстанда саяси тұрақсыздық туындап, қарулы қақтығыс орын алды. Мұндай кезеңде астана Азиядағы даулы аймақ­тар мен ислам радикализмінен қашық жерге көшірілуі керек еді. Осындай кезде де Ақмола өзінің лайықты қала екенін көрсетті.

1998 жылдың 6 мамырында Ақмола қаласының атауы Ас­тана болып ауысты. Комис­сияның бұл атауға тоқтауы да бекер емес. Астана атауы жаңа қаланың әкімшілік қызметін, еліміздің орталығы екенін бір­ден аңғартады. Бұған қоса бұл сөз әлемнің көптеген тілдерін­де оңай айтылып, жазылады. Елорданың атауы мемле­кетіміздің айнымас атрибуты болғандықтан, қалаға жаңа атау беру қажет еді. Бұл ретте бұрынғы тарихи Ақмола да ұмытылып кетпей, Астана ма­ңындағы өңір Ақмола облысы деп аталды. Осылайша еліміздің орталығында сол­түстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан жас қала пайда болды.

Астананы Арқаға ауыстыр­ғанмен, Алматының да ел да­муындағы жетекші рөлін сақ­тап қалу маңызды. Бұл міндет те ойдағыдай жүзеге асты. Жұртшылықтың бәрі жаңа қа­лаға үдере қоныс аударып кет­кен жоқ. Алматы Қазақстан­ның мәдени, ғылыми орталы­ғы саналады.

30 жылға жуық уақыт өтсе де, Астана әлемдегі ең жас елордалардың қатарында. Бұл көрсеткіш бойынша Астана Мьянма мен Палау елдерінің орталықтарынан кейінгі үшінші сатыда.

Елордамыз көркіне таңдай қақтырарлық өркендеген қа­лаға айналды. Астанамен бірге әлемдік қауымдастықта еліміздің де беделі биіктеп, мерейі өсті. Кешегі бабалар арманы ақиқатқа айналып, бейбіт елдің бақ ордасының үстінде көк туымыз желбіреді. Астана – қазаққа бұйырған азаттықтың баға жетпес сыйы.

Жания ШУПАНОВА,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp