«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақсудың жолы неге аяқсыз қалды?

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

Редакциямызға “WHATSAPP” желісі арқылы Шал ақын ауданының тұрғыны Оразымбет Сайдалин хабарласты. Ол Ақсу мен Жаңасу ауылдарының арасындағы жолға жөндеу жұмыстарының толық жүргізілмегеніне ренішін жеткізді.
– Өткен жылдың соңында Ақсудан тас жолға дейінгі 5 шақырымды жөндеуге облыс бюджетінен қомақты қаражат бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр айында басталғанымен, ол толық жүргізілген жоқ. Бір шетінен – 300, ал екінші шетінен 1300 метрге қиыршықтас төселмеді. Бұл қалай? Аталмыш жұмыстарға бақылау жүргізген комиссия мүшелерінің жол толық жөнделмегеніне қарамастан, жұмысты қабылдауының себебі неде? Бірнеше жыл бойы күткен жөндеу осылай аяқсыз қала ма? – дейді ауыл тұрғыны.
Бұл сұраққа Шал ақын аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi басшысының міндетін атқарушы Геннадий Шпистер жауап берді:
– Үстіміздегі жылы аудандық маңызы бар Ақсу ауылына кipeбepic тас жолдың 5 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 31 млн. теңге бөлінген болатын. Ашық конкурс тәсілімен тендер өткізіліп, “Новинтех” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанды. Жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін жөнделетін жолдың ұзындығын 3,8 шақырымға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұған тас жолдың беткі қабатын қалыңдатудың арқасында қол жеткізілді. Мердігер компания жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес қажетті 3900 тонна қиыршықтасты толық көлемде төседі.
Қазіргі уақытта біздің бөлім қалған 1,2 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыру бойынша бюджеттік өтінім дайындауда. Демек, аталмыш жол учаскесіндегі жөндеу жұмыстары 2021 жылы толық аяқталатын болады. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp