Біздің ауылда орта мектеп болды. Көрші елді мекендерден келетін балалардың есебінен оқушы саны да өсіп, бірқабатты мектептің ұзын дәлізінде тізіліп тұрушы едік. Жаңа оқу жылы басталар кезде туысының немесе танысының үйіне балаларын орналастырғаннан кейін біздің ауылға жіпсіз байланатын. Мектеп ұжымы жалғызбасты қарттардың үйіне бір баланы ішкі-сыртқы шаруаға қолғабыс етсін деп әдейі тұрғызатын. Сол балалар мектепті тамамдағанша ауылдың төл баласындай болып кетті. Кейін аудан орталығындағы мектептердің жанынан интернат ашылған кезде туған-туыстың үйіне бала орналастыру дәстүрі де ұмыт қалды. Бірақ соңғы кездері отбасыға бала тұрғызып оқыту салты қайта жанданды. Оны қазір “уақытша отбасы” деп атайды.
Өңірімізде екі жылдан бері “уақытша отбасы” әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Есіл, Жамбыл және Шал ақын аудандарында 102 “уақытша отбасында” 121 бала тұрып, білім алды. Өткен жылы жобаны жүзеге асыруға 45 млн. теңге қарастырылған. Бұл қаржы баланы қамқорлығына алып, сабаққа баруын, үй тапсырмасын орындауын қадағалап отыратын отбасыға төленеді.
Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылының тұрғыны Айнаш Мұстафинаның бастауыш сыныпта білім алатын Аянат және Диана атты балалары Қарақамыс ауылының тұрғыны Сәуле Баятинаның отбасында тұрып, білім алуда. Қамқорлықты сезінген оқушылардың оқу үлгерімі де, тәртібі де жақсы. Қарақамыс орта мектебінде мұғалім болып қызмет ететін Сәуле Баятина оқушыларды түзде де, үйде де көзден таса қылмайды. Мемлекет тарапынан оқушылардың азық-түлігіне төленетін қаржы уақтылы түсіп, балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың айтуынша, аталған жобаның арқасында отбасылық жылылықты аңсайтын балалардың көңіл күйі көтерілген. Тіпті, оқушылар арасында ауру-сырқау да азайыпты. Үмітті ақтаған жобаны әрі қарай жалғастыру мақсатында үстіміздегі жылы “уақытша отбасыларда” тұрып білім алатын балалардың санын 150-ге жеткізу көзделіп отыр. 2025 жылға қарай 314 бала осы жоба аясында сапалы білім алуы тиіс. Биыл жобаны жүзеге асыру үшін 76,8 млн. теңге қаржы бөлу көзделген.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.