Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс мектептері оқушыларының арасында ұйымдастырылған “Мен – чемпионмын!” спорт жарысының финалдық ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
– Араға 12 жыл салып қайта жанданған “Мен – чемпионмын!” балалар спорттық жобасы сәтті басталды. Бұл күнге дейін өңірдің барлық аудандарындағы командалар кімнің мықты екенін анықтап, ақтық кезеңге жолдаманы сарапқа салған болатын. Енді, міне, үздік 16 құрама аталмыш спорттық жобаның финалдық кезеңінде кездесіп отыр. “Мен – чемпионмын!” жобасы алдағы уақытта да балалар арасында белсендi өмiр салтының идеясын насихаттайтынына сенiм мол. Біз жас спортшыларға сәттілік тілейміз, – деді Ерік Хамзаұлы.
“Мен – чемпионмын!” жарысы 12-14 жастағы оқушыларды қамтыды. Спорттық шараға бүгінге дейін сегіз мыңнан астам жас тартылған. Облыстық ойындардың финалдық кезеңіне 192 оқушы қатысады.
Жиын барысында сөз алған муниципалды телерадиоарнаның директоры Евгений Сазанов соңғы кезеңге жеткен әр командаға үстел теннисін сыйға тартып, облыс әкіміне “Матчтың үздік ойыншысы” сыйлығын табыстады.
Облыстық білім басқармасының спорт, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақастың айтуынша, облыс әкімінің қолдауының арқасында бұл сайыс жыл сайын ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.