Облыстық прокуратураның кезекті алқа отырысында оңтүстіктен солтүстік аймақтарға азаматтарды өз еркімен қоныстандыру бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты жұмсау кезінде заң үстемдігін сақтау мәселесі қаралды.
Жиында соңғы екі жылда мемлекеттік қолдау көрсету шаралары аясында өңірге 5245 адам немесе 1636 отбасы келгені атап өтілді.
Прокурорлық тексерулер қабылданған тұрғын үй бағаларын әдейі көтеру және келісімшарттық міндеттемелерді орындамау, Әлеуметтік кодекс талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. Айыртау, ҒабитМүсірепов атындағы, Жамбыл аудандарында қоныстанушылар тұрғын үй шығындарын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша арттыру мақсатында олардың құнын жасанды түрде көтермелеген. Осы заңсыз әрекеттерден жалпы сомасы 11,3 млн. теңге шығын келтірілген. Қылмыстық кодекстің 190 бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша басталған сотқа дейінгі тергеулерге сәйкес, сот 3 қоныс аударушыны бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарын шектеу туралы үкім шығарды.
Сондай-ақ мемлекеттен қаржылай көмек алған қоныс аударушылар әлеуметтік шарттың қабылданған міндеттемелеріне қайшы әрекеттерге барған, тұрақты тұру үшін қоныс аударған жерінен республиканың басқа өңірлеріне көшкен.
Аида БАБАСОВА,
облыс прокурорының аға көмекшісі.