Раушан Маратқызы 1985 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. №32 орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген соң 2003 жылы Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне қаржы және несие мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейін Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде, Омбы мемлекеттік университетінде білім алады.
“Р-Фарм” ЖШС-нің директоры Раушан Ералинаның жас болса да, бас болып қолға алған бастамасы әркімге-ақ үлгі боларлықтай.
– Бұрын менің шағын дәмханам болатын. Оның өзін жалға алатын едім. Кейін жұмыс ауқымын кеңейту үшін жаңа бір дәмхана ашуды жоспарладым. Бірақ дәмхана емес, дәріхана аштым. Мен басқа кәсіп түрімен айналыссам да басты мақсатым – біреу. Ол егемен еліміздің дамуына өз үлесімді қосу. Аллаға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы. Бастапқы кезде көп қиналдым. Бірақ өз-өзіме сенімді болдым. Әр адам өзіне сеніп, жаңа бастаманы жүзеге асыруда батыл болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, өмір сынақтан құралады, – дей келе, кәсіпкер жақында тағы екі дәріхананың ашылатынын айтып, қуанышты хабарымен бөлісті. Осы ретте оған құжаттарын жинап, несие алуға көмектескен “Даму” қорының да қолдауын ерекше айтып өткеніміз жөн.
Әлемдік экономикада болып жатқан түрлі өзгерістер бізді де орап өткен жоқ. Кейбір тауарлардың қымбаттауы – соның дәлелі. Бұл ретте шетелдерден импортталатын дәрілік препараттарға да бағаның өскені анық байқалуда. Жас кәсіпкер Раушан дәрілік заттарға баға екі есе өскенін айтты. Алайда, зейнеткерлер үшін 10 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Бұл – кәсіпкердің аға ұрпақ өкілдеріне деген құрметінің белгісі.
Бәсекеге қабілетті болу қажеттігін ескерген Раушан өзінің дәріханаларында түрлі қызмет түрлерін енгізуде. Мәселен, тапсырыс берушілердің өтініштері бойынша кем дегенде 2 мың теңгенің тауарын сатып алғандарға дәрілік заттар тегін жеткізіледі.
Ол – жұбайы Арман екеуі Сұлтан, Шыңғыс, Әділхан есімді ұлдарды тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Халқымызда “бір ұл тәрбиелесең, бір әулетті тәрбиелегенің…” деген дана сөз бар. Ертеңгі күні ұлт қамын ойлайтын ұрпағының жарқын болашағын көру – ананың басты арманы.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.