Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына Алаш қайраткері, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың суреті салынды. Ақын атындағы көшенің бойындағы үйге мурал салуға “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі бастамашы болды.
Жаңа сурет қала тұрғындары мен қонақтарының бойында жемқорлыққа төзбеушілік пен адалдық қағидатын қалыптастыру мақсатын көздейді. Басты міндет – жастардың “бармақ басты, көз қыстылықтан” аулақ болуына ықпал ету. Петропавлдық суретші Станислав Алерт ұлы ақынның бейнесін ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, кемел келешекке деген кәміл сенімге жетелейтін өлең жолдарын қазақ және орыс тілдерінде жазған.
“Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар
Мен жастарға сенемін!”.
Ақынның бүгінгі жастарға деген сенімін білдіріп, өскелең ұрпаққа адалдықты, әділдікті насихаттайтын осы өлең жолдары барлығымызға мектеп қабырғасынан жақсы таныс. Қазақтың ұлы ақыны осы бір өлең арқылы барша жастарды жақсылыққа шақырғаны белгілі.
“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің қолдауымен бұған дейін де адалдық, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді насихаттайтын ұлы тұлғалардың нақыл сөздері жазылған билбордтар орнатылған болатын.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.