Адам өмірін ажал аузынан арашалау үшін қауіпті індетпен күн-түн демей күресіп жүрген дәрігерлерге қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпейді. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Медицина қызметкері күніне орай облыстық әкімдікте өткен салтанатты шара барысында дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, сый-сияпат көрсетті.
– Медицина қызметкері болу – абыройлы міндет. Сіздердің мамандықтарыңыз жоғары біліктілікті, шексіз қайырымдылық пен мейірімділікті талап етеді. Жаһандық індеттің алғашқы күнінен бастап азаматтардың денсаулығын қорғауды қолға алдыңыздар. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің, қажыр-қайраттарыңыздың арқасында облыста 14343 адам коронавирустық инфекциядан айығып, ажал аузынан қалды. Бұл – індет жұқтырғандардың 96 пайызын құрайды. Өңіріміздің дәрігерлері, фельдшерлер, медбикелер, кезекшілер, “Жедел жәрдем” көлігінің жүргізушілері пандемияға қарсы әрекет кезінде жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі өңірімізде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жылдан-жылға ұлғайып, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап көрсетті. Магниттірезонанстық және компьютерлік томография, өкпені жасанды желдету, рентген, электрокардиография, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары сатып алынды. Оған қоса 38 “Жедел жәрдем” көлігі және 8 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, шалғайдағы елді мекендерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі артты.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында онкологиялық орталыққа МРТ және көпсалалы облыстық ауруханаға ангиограф орнатылды. Сонымен қатар Петропавлда жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Қазір “Береке” шағынауданында жаңа емхана құрылысы жүріп жатыр, алдағы күндері осындай нысанның бірі “Жас өркен” шағынауданында салынады. Бұдан бөлек, заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда, оның ашылуы өңір медицинасын дамудың жаңа деңгейіне шығарады деп күтілуде. Сонымен қатар облысты дамытудың жаңа кешенді жоспары аясында ауылдық жерлерде 47 медициналық мекеменің құрылысы басталады. Осының арқасында ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жақсара түспек.
Облыста дәрігерлер тапшылығы мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Өңірге келген дәрігерлерге 2,5 млн. теңге көлемінде көтермеақы төлеу қарастырылған. Бұл – ел бойынша жоғары көрсеткіш. Биыл 128 дәрігер келеді деп күтілуде.
Жиын соңында өңір басшысы ұзақ жылғы еңбегімен облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін және Медицина қызметкері күні мерекесіне байланысты 13 медицина қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың бұйрығына сәйкес төрт дәрігер – “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін”, бес қызметкер “Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгілерімен және екі адам “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін Құмар Іргебайұлы құрметке бөленген жандарды ерен еңбектерінің еленуімен құттықтап, ұзақ өмір, еңбектеріне жеміс, отбасыларына бақыт тіледі. Медицина қызметкерлері атынан сөз сөйлеген Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Анаргүл Болатова әріптестеріне көрсетіліп отырған құрметке ризашылығын білдірді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТІ: өңір басшысы Құмар Ақсақалов Анаргүл Болатованы марапаттауда.