«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ ТІЛЕК — АНАЛАРҒА

 

Тағылымы мол тарихтың қай парағын ашып ақтарсақ та, жүрегі мейірім мен жылылыққа, ізгілік пен қайырымдылыққа толы ардақты аналардың, аяулы қыз-келіншектердің өнегелі ісіне куә боламыз. Бір қолымен бесікті тербетіп, бір қолымен әлемді әлдилеген аналарды құрметтеу, қадірлеу – әркімнің абыройлы борышы. Осындай өнегенің көркем үлгісін көрсеткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыс орталығында тұрып жатқан ардақты аналарды үйлеріне барып құттықтады.

Петропавл қаласының тұрғыны Күлке Әубәкірова – он екі баланы өмірге әкелген алтын алқа иегері. Өмірінің басым бөлігін қара жұмысқа арнаған ақ жаулықты ана бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да әлі тың. Құрсағынан тараған балаларынан он жеті немере, бір шөбере сүйіп отырған ардақты анаға тілегін жеткізген Ерік Хамзаұлы:

– Біздің өңірімізде бес мыңнан астам көпбалалы ана тұрып жатыр. Солардың қатарында өзіңіз де барсыз. Осынау мерекемен құттықтау үшін сіздің шаңырағыңызға арнайы келіп отырмыз. Сізге зор денсаулық тілеймін! Бала-шағаңыздың ортасында бақытты, ұзақ өмір сүріңіз. Сіздің еңбек жолыңыз, өміріңіз – бүгінгі жастарға үлгі, – деді.

Өңір басшысының осындай зор ықыласына ерекше қуанышын білдірген Күлке әжей облысымызда орын алып отырған жағымды жаңалықтардың, маңызды оқиғалардың барлығынан хабардар екенін, қоғам мен мемлекеттің байлығы – жас буын өкілдеріне аналық ақыл-кеңесін үнемі айтып отыратындығын мақтанышпен әңгімеледі.

Содан кейін Ерік Сұлтанов қала тұрғыны Валентина Устименконың шаңырағына соғып, ардагерді мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып Отанын жаудан қорғаған, саналы ғұмырын өңіріміздің денсаулық саласын дамытуға арнаған Валентина Петровнаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Қария мерейлі мерекеде ұмыт қалдырмай, құттықтап, сый-сияпат жасаған Ерік Хамзаұлына зор алғысын жеткізді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp