
Кеше Петропавлда Медицина қызметкері күніне орай салтанатты жиын болып өтті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтап, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқан медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатын, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің марапаттарын табыс етті.
– Кез келген мемлекеттің ең басты байлығы – халықтың денсаулығы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында жаңа әлеуметтік саясаттағы түбегейлі басымдықтар қатарында денсаулық сақтау саласына айрықша мән беріп: “Ұлт денсаулығы – жарқын болашағымыздың негізі”, – деп ерекше атап өткен болатын. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ең бастысы – медициналық қызметтің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етті. Қазіргі таңда республикада жан басына шаққандағы денсаулық сақтау саласындағы шығын ЕҚЫҰ-ның халықаралық стандарттарына сай. “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асыру да оң нәтиже беруде. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жылдан-жылға ұлғаюда. Тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана бұл көрсеткіш соңғы бес жылдың ішінде 40 пайызға ұлғайтылған. Бұл емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандыруға және диагностика мен емдеудің осызаманғы әдістерін енгізуге мүмкіндік туғызды. Бүгінгі таңда ауылдық медицинаны дамытуға және аудандарда сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге жете көңіл бөлінуде. Биыл Булаево қаласында 250 орынға шақталған емхана пайдалануға берілді. Жылдың соңында Есіл, Шал ақын және Аққайың аудандарында салынып жатқан емханалардың құрылысы аяқталмақ, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов халық денсаулығын нығайту ісіне қосқан үлесі үшін Есіл ауданының Волошинка дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Рәзия Көжеғұловаға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, ұзақ жылғы және адал еңбегімен облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін және Медицина қызметкері күні мерекесіне байланысты 13 медицина қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, төл мерекеге орай Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың бұйрығымен марапатталған Серік Алмолдинге (Қызылжар ауданының орталық ауруханасының бас дәрігері), Валентина Оседачке (Тимирязев ауданының орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары), Владимир Степановқа (облыстық Кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі), Ирина Тищенкоға (облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі), Татьяна Горловаға (облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары) “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгісін, 6 қызметкерге “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісін табыс етті.
Медицина қызметкерлері ардагерлері атынан сөз сөйлеген Серік Алмолдин әріптестеріне көрсетіліп отырған құрметке ризашылығын білдірді.
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздар дайындаған мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.