Балалар
Оларға жат күрсіну, мұңайған да,
Оларға жат қулық пен сыр, айлаң да.
Олар кейде зор болып көрінеді,
Жер-жаһанды жаратқан Құдайдан да.
Жадыраса жаныңа жақұт толар,
Армандаса арманы ақық болар.
Дүниені көзімен жеп-ішпейді,
Қарны тойса болғаны – бақытты олар.
Күлімдесең жүреді күндей күліп,
Ал түнерсең танытар түндей қылық.
Өтірік деп сөгеді бірін-бірі,
Өтіріктің не екенін білмей тұрып.
Бәрінің бар бейкүнә аңсағаны,
Оларға жат бар жұрттың қанша малы.
Елдің нанын жеп жүрген тойымсызға,
“Қарны томпақ аға” деп тамсанады.
Оларға жат «өтірік, өсек елі»,
Өсек елі – ақынның бос өлеңі.
Өмір жолын білмейді, білетіні –
Асыр-салып жүгірген көше жолы.
…Отырғанда амалсыз айлам құрып,
Балдәуренім, оралшы қайран қылып.
Жазылмайтын мендегі жанның жасын,
Көз жасыма жіберші айналдырып.
* * *
Бекболатым,
Арманымды самғатқан ақ қанатым.
Сейілтетін мұңымды сенсің, ботам,
Мынау маңғаз әлемге мақтанатын.
Сағынбасам мен бұлай күрсінбес ем,
Дүмпу жердей жүректі дүрсілдетем.
Алматының ала шаң көшесінде,
Ортекедей ойнақтап жүрсің бе екен?
Сағынысып…
Жанды жеген сезімге бағынысып.
Менің жұмыр жүрегім тынши алмай,
Алып-ұшып барады алып-ұшып.
Алып-ұшып барады саған қарай,
Ал сен жүрсің анаңсыз алаңдамай.
О, құдай-ау, кіршіксіз неткен сезім.
Сары, сарғыш айналам ғалам қалай?
Ой мазалап санамды сан-сан көкем,
Тура қазір телефон шалсам ба екен?
Былдыр-былдыр тіліңе тәнті болып,
Еміреніп бір жылап алсам ба екен?
Мініп алып Алматы пойызына,
Жүйткіп, әлде, жаныңа барсам ба екен?
Оқталамын. Оқталып жолда қалам,
Жолда қалған жанымды қолда, ғалам.
Әжесіне көрсетпей оңашада,
Жылап жүр-ау жете алмай ол да маған.
Ана
Әлдиіңмен ән айтып, әлем күліп,
Мына өмірді жібердің мәнерлі ғып.
Қадіріңе жете алмай сансыз жұлдыз,
Үнсіз сізге тұрғандай сәлем қылып.
Жүрегіңнің мәлім-ді сыры маған,
Сол сырыңды халімше ұғына алам.
Бағасы асыл өмірдің өзің жоқта,
Бір-ақ тиын секілді құны маған.
Ғазиз жаның серік боп гүл өңіңе,
Сол жаныңды жақсылар біледі ме?
Тілегімді тілекке ұштастырып,
Қатпар жинап келесің жүрегіңе.
Тағдырыма алаңдап…
тағы алаңдап,
Самай шашың барады ағараңдап.
Толғаныспен жазылған толғау-жырдың,
Әр шумағын оқимын саған арнап.
Қапияда жанымды мұң басатын,
Сол мұңымды бір сенсің тыңдасатын.
Он сегіз мың ғаламда жалғыз өзің,
Жұмаққа ынтық жүрекпен жымдасатын.
Өзің барда сөнбедім, жоғалмадым,
Жылуыңсыз әлсізбін, тоңар жаным.
Тағдырымның үстінде тайғанақтау,
Саған жетіп жығылсам жоқ арманым,
АНА!!!
Өгей
Өгей үміт,
Өгей өмір,
Өгей күн,
Шетке қақты шер мен шемен мұңымды.
Өзегімді өртеп-өртеп көбейдің,
Өгей бақыт бұрынғы.
Арамызды өгей жылдар арбайтын,
Өбектейтін өкіміне не дейсіз?
Жан-тәнімен жақсы көре алмайтын,
Сіз де маған өгейсіз.
Қамығамын, мендей қайғы жейсіз бе,
Өгей сезім шақыра алмай сабырға.
…Қамыққаннан қайысады дейсіз бе,
Қасіреттен сөгілмеген қабырға?
Мұқағали монологы
Кезеді көңілімді бұла көшкін,
Бұла көшкін, мен саған тым әуеспін.
Алапат арманымның ақ дауылын,
Сезеді…
түсінбейді бірақ ешкім.
Кең дүние кеңге салмай арқамды бір,
Жабығам жасай алмай дархан дүбір.
Сәби болғым келеді мені осылай,
Талапайға салғанда тарпаң ғұмыр.
Көңілімнің көкпеңбек хошы налып,
Жан-тәнімді жанардың жасы қарып.
Маңдайыма ақ өлең түзу түскен,
Қисық жолмен келеді көшін алып.
Қайран менің өлеңім тізбекте бір,
Сенен солай мың үміт үзбек көңіл,
Жалғандықтың жарысқан жолдарымен,
Ақиқаттың ауылын іздетті өмір.
Намыс ойнап найзағай жанарымда,
Тұла бойға қызу қан тарадың ба?
Күшім жетпей күншілге мен қанша рет,
Өтіріктің ұлыдым табанында.
Күндестердің беу, далам, ғұмыры кек,
Орап жатыр мойнымды құрығы дөп.
Тау тағысы секілді тас тағалы,
Ақындардың тіріде тұғыры жоқ.
Су жетпеген гүлге ұқсап өзегіне,
Кейде өмірдің шөлдедім өзеніне.
Мәңгі кәусар көңілмен қарызбын мен,
Күретамыр қазағым, өз еліме.
Дарханыма, далама жүгінемін,
Кетем сосын таға алмай біріне мін.
Жасын сүртіп Алаштың жанардағы,
Ақиқат боп мен ертең тірілемін.
Ана тіл
Қарашық болып орнаған мәңгі жанарда,
Бабамның тілі аманат маған, саған да.
Бір ұлық ету тұғырын туған тілімнің,
Мұңлық болып кешсем де ғұмыр ғаламда.
Жүрсе де мейлі жанарларымнан жас парлап,
Бақытың үшін күресу маған асқан бақ.
Мен сенің тылсым тағдырыңменен дос
болғам,
Анамның асыл құрсағын құшып жатқанда-ақ.
Өзің арқылы жыр жазып келем жігермен,
Өкінем бірде, қуанам кейде, күлем мен.
Армандарымды құндақтағандай хатқа орап,
Ақша бұлттарға жібергем.
Сағынышымды жеткізіп, сүйіп, жұбанып,
Жабығып, жылап, көңілге құрсау мұң алып.
Өзің арқылы арызымды айтып әкеме,
«Мәңгілік» деген мекенге салдым шығарып.
Адыра қалып қорқыныш пенен шер-мұңым,
Жаңбырлы түнде жүректің бердім теңдігін.
Өзің арқылы сырттансып жүрген сыртымнан,
Көк аттылардың қашырдым талай дегбірін.
Таңдарымды іздеп, арманымды іздеп
жоғалған,
Таппадым сая сағымы бөлек сонардан.
Тайғанақтау бұл тағдырымның жолында
Өзіңді сақтап жығылсам, менде жоқ арман.
Нұргүл ОҚАШЕВА.