“Нұр Отан” партиясы “Болашақ” филиалы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері арасында “Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн” тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырды.
Балалардың еңбегін пайдалану бүгінгі таңда өзекті мәселе болып табылады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүкіл әлем бойынша 215 миллион бала еңбек етеді екен. Солардың ішіндегі 115 миллионы денсаулығына қауіп төнетін ауыр жұмыстарға жегілуде.
Қалалық мәслихаттың депутаты Павел Афанасьев еліміздегі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңдар мен бүгінде тіркелген заң бұзушылықтарды атап өтті. Педагогика магистрі Дмитрий Лазаренконың айтуынша, психологиялық тұрғыдан 16-19 жас аралығындағы жасөспірімдер еңбек етуге дайын емес. Балаға алғашқы тәрбие беретін ата-анасы оның күнделікті жоспарын құрып, бос уақытында түрлі үйірмелерге жаздыру керек. Жиында: “Қазіргі кезде әрбір мейрамхана мен басқа да әртүрлі ойын-сауық кешендерінде кәмелетке толмағандар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Балалар құқықтарын қорғау органдары мұндай жағдайлармен қалай күреседі”, – деген сұрақ қойылды.
Оған Павел Афанасьев:
– Шынына келетін болсақ, егерде 18 жасқа толмаған баланың жұмысқа тұруына ата-анасы қарсы болмаса және ол өз еркімен жұмыс істеген жағдайда құқық бұзушылықты анықтау қиын. Ол үшін заң бұзушылықты ресми түрде тіркеп, бір ай бұрын кәсіпорын иесіне ескерту қажет. Бірақ та кәмелетке толмаған бала ресми түрде тіркелмейтіндіктен, оны табу мүмкін емес. Балаларға қатыгездікпен қараудың, оларды пайдаланудың, кемсітудің, күштеудің куәсі болған жағдайда немқұрайдылық танытпай, еңбек инспекторларына немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыздар деп жауап берді.
Балқия БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.