Өткен демалыс күндері облыстық қуыршақ театрында дат жазушысы, ақын, әлемге әйгілі балалар мен ересектерге арналған ертегілер авторы Ганс Христиан Андерсеннің «Түймеқыз» («Дюймовочка») ертегісі сахналанды.
Театрдың шығармашылық репертуарына қосылған жаңа спектакльдің қоюшы-режиссері – Борис Ходырев. Бұл қойылымға ресейлік режиссер әлемде орын алған жағдайға байланысты жергілікті актерлермен қашықтан дайындалған. Қазақша және орыс тілдерінде сахналанған қойылым балалардың көңілінен шықты. Қайырымдылық пен мейірім сынды адамгершілік қасиеттерге құрылған спектакльде кішкентай көрермендер Түймеқыздың қамқорлығына тәнті болды. Балалар бұл қойылымнан айналамыздағы адамдарға мейірімді болып, әрқашан жақсылық жасауға ұмтылу қажет екенін ұғынды. Жалпы, қуыршақ театрының қоржыны соңғы жылдары осындай мазмұнды, тәрбиелік, тағылымдық мән-маңызы зор қойылымдармен толыға түскенін айтқан жөн. Театрдың көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев қазіргі таңда репертуарда жалпы саны 70-тен астам спектакль болса, соның 7-8-і қазақ тілінде қойылғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Күміс тұяқша», «Кішкентай көңілді адамдар», «Сақ болыңдар, бауырсақтар», «Қаңбақ шал» және тағы басқа ертегілер бар.
– Жақында театрдың 31-ші жаңа маусымы басталды. Жаңа маусымға ерекше дайындықпен кірістік. Елімізде орын алған жағдайға қарамастан, қуыршақ театры балаларға қуаныш сыйлауы тиіс. Үстіміздегі жылы 4 спектальді кішкентай көрремендер назарына ұсыну жоспарлануда. Соның екеуі қазақша қойылады. Қазіргі таңда чехиялық режиссер Евгений Ибрагимовпен онлайн байланыс орнатудамыз, – дей келе Мейрам Есілбайұлы жаңа маусымда шығармашылық ұжымның құрамы да толыққанын айтты. Бүгінде театрда 16 актер жұмыс істесе, биыл Дана Шәйкенова сынды жас маман қатарға қосылды. Алдағы уақытта қуыршақ театры балаларды жаңа қойылымдармен қуантып, қазақша қойлымдар санын көбейтуді жоспарлауда.