«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалар қауіпті дертке шалдықты

Қыркүйек айының басынан бері 19 мектеп оқушысы “COVID-19” ауруын жұқтырған. Олардың жетеуі мектепке барып, сабаққа қатысса, қалғаны қашықтан білім алып келген. Қауіпті дерт балабақшаға баратын бүлдіршіннен де анықталды.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өткізген брифингте балалар арасындағы эпидемиологиялық жағдай баян етілді. Індетке шалдыққан оқушылардан сараптама алынып, олардың отбасы мүшелерінен ауру жұқтырғаны белгілі болған. “Жеті бала білім алған мектептер бақылауға алынып, эпидемиологиялық тексерулерден өтті. Жаңа фактілер орын алмаса, бұл білім ошақтарында бүгіннен бастап оқу жалғасатын болады. Сырқаттанып қалған оқушылармен байланыста болған 109 адам тексерілді. Олардан коронавирус инфекциясы анықталған жоқ”, – деді департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова.

Бақылауға алынған балалар аурудың жеңіл түрімен сырқаттанған, яғни олардың бойында қандай да бір асқыну белгілері байқалмаған. Сондықтан эпидемиологтар білім беру саласында төтенше жағдай орын алған жоқ деп отыр. Татьяна Горлованың айтуынша, жазғы демалыстан соң балалардың ауру жұқтыруы – қалыпты құбылыс. Ауырған оқушылардың дені жаз айларында өзге өңірлерге шығып, сырқаттармен байланыста болған. Мектепке барған сәттерінде ауру анықталып, олар түгелдей медициналық бақылауға алынған. Балалар карантин режімін сақтап, білім орындарында дезинфекциялық шаралар қатаңдатылды. Соның нәтижесінде инфекцияның таралу қаупі бәсеңдеп, ауруды жұқтырудың бірде-бір фактісі тіркелген жоқ.

Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы балабақша тәрбиеленушісіне де қатысты талдау нәтижелері дайын. Эпидемиологиялық қызмет баланың ауру анықталған уақыттан, яғни 18 қыркүйектен бастап балабақшаға бармағанын айтуда. “COVID-19” ауруының белгілері бойынша баланың тек мұрны бітелген деп отыр мамандар.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp