«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАУСА” – БҮЛДІРШІНДЕР МЕКЕНІ

Бұған дейін “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі” (Казахстанская правда к., 35) орналастырылған бұрынғы “Малинка” балабақшасы қайта жөнделіп, онда қазақ тілінде тәрбие беретін 80 орындық “Балауса” балабақшасы ашылған болатын. Жаңадан ашылған мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бүлдіршіндер мекеніне келгенімізде балалар тынығу сағатынан тұрып, ойынға кірісіп кетіпті.

“Балауса” балабақшасының директоры Балғын Мусинаның айтуынша, мұнда 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Мамандардың барлығы дерлік – жастар. Төрт топта екі тәрбиешіден 8 маман балдырғандарға тәлім-тәрбие беруде. Тәрбиешілерден бөлек психолог, музыка жетекшісі, дене шынықтыру пәнінің маманы, әдіскер бар. Жаңа оқу жылының басынан хореограф, логопед мамандарды алуды жоспарлап қойыпты.

“Балауса” балабақшасы – мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы бойынша Петропавл қаласында қазақ тілінде ашылған үшінші мектепке дейінгі мекеме. Ондағы төрт топтағы бүлдіршіндер жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылған, стандарт бойынша олармен “Зерек бала” бағдарламасы аясында жұмыс жүргізілуде.

Артем Окороков деген бала да бар.

Тәрбиеленушілер арасында қазір ол 1-ші топқа барып жүр. Қалалық Білім бөлімінен бала-бақшаға келетін балғындардың тізімінің арасында Артемнің аты-жөнін көріп таңданған мектепке дейінгі мекеменің директоры оның ата-анасымен сөйлесіп, өздерінің қазақ тілінде жұмыс істейтінін түсіндірген. Бірақ Артемнің анасы осында қалатындарын айтып, келісімшартқа қол қойыпты.

Артемнің анасы Александра Борисовнамен телефон арқылы хабарласып, мән-жайды білгенімде: “Мен мектепте қазақ тілін оқыдым, сондықтан қазақша түсінемін. Жұбайым да шамалап қазақша біледі. Артем қиналып жүрген жоқ, оған балабақша ұнайды. Түбінде қазақ тілі керек қой”, – деді.

Балғын Науанқызының айтуынша, қыркүйек айынан бастап оларға үштілділікті үйретуді жоспарлап отыр. Қазір тәрбиешілер бүлдіршіндердің қабілеттерін байқап, бақылау үстінде.

Петропавл педагогикалық училищесін аяқтап, қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін алғаш ашылған “Салтанат” балабақшасында еңбек жолын тәрбиешіліктен бастаған Балғын Науанқызына мектепке дейінгі бүлдіршіндер мекемесінің жұмысы етене таныс. Орта арнаулы білімнен кейін ол Алматы Орта-Азиялық университетін педагог-психолог мамандығы бойынша бітірген. “Петропавлда алғаш ашылған қазақ мектептеріне оқушы жинаған зиялы қауымның кебін біз де киіп, “Салтанат” балабақшасына үйді-үйді аралап жүріп бала жинағанымыз бүгінгідей есімде. “Қазақ балабақшасына балаңызды бересіз бе?” – деп өзі талай есікті қаққанда: “Да вы что?” деп есіктерін тарс жауып алатын. Соны көрген бізді қазіргі қазақ балабақшасына деген сұраныс, тілге деген көзқарас қуантады. Біз Білім бөлімінен жолдамамен келгендерді ғана аламыз. Әйтпесе, өзге этнос өкілдерінен де: “Баламды қазақ балабақшасына бергім келеді” деп сұранатындар бар, – дейді Балғын Мусина.

Балғын Науанқызы “Салтанатта” 12 жыл тәрбиеші, 8 жыл әдіскер болып қызмет атқарған. Балабақшаның табалдырығынан төріне дейінгі баспалдақтан сүрінбей өткен оның директор қызметін атқарып жүргеніне де екі жылдан асып барады.

Мекеме ғаламторға қосылған, тәрбиешілер сонымен жұмыс істейді. Мамандардың ізденісіне жол ашық, өздері жаңа бағдарлама тауып, соны істеп көрем десе, қарсылық жоқ. Тек ол бағдарлама баланың жас ерекшелігіне сай, оған салмақ түсірмейтіндей болуы керек. “Жаңа бағдарлама баланың қабылдауына келе ме, жоқ па? Баланы шаршата ма?” дегенді әдіскер, психолог мамандар бірлесе отырып, талдайды.

Мектепке дейінгі мекемелер арасында бәсекелестік мықты, ата-аналар да бүлдіршіндеріне жақсы балабақшаларды іздейді. Сондықтан да балғындарды қызығушылығы бойынша дамытуға мүмкіндікті бір жерде жасау үшін балабақшада қыркүйек айынан қолданбалы қолөнер, хореограф, логопед сияқты мамандардың ақылы қызметтері де енгізілуі қарастырылуда.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp