“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ы “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында “Жаңартылған бағдарлама іс жүзінде: іс-әрекет, шешімдер және жетістіктер” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Бейресми форматта ұйымдастырылған “дөңгелек үстелде” бастауыш сынып мұғалімдері білім берудің жаңартылған үдерісінде қолданылатын тәсілдердің маңыздылығы жайлы әңгіме қозғады.
Бастауыш сынып мұғалімдері жаңартылған бағдарламаның алғашқы жартыжылдығындағы істелген жұмыстарына талдау жасап, кездескен қиыншылықтарды және оларды шешу жолдарын қарастырды.
Өздерінің және оқушылардың жақсы жұмыстары мен партфолиоларын ортаға салған ұстаздар соның негізінде тәжірибелерімен бөлісті. Олар формативтік бағалау нәтижелері, алғашқы зерттеу дағдыларын қалыптастыру, тиімді білім беру ортасын құру, кері байланысқа шығуды ұйымдастыру сияқты өздерін толғандырған мәселелерді талқылады.
Педагогтер жаңартылған бағдарламаның ерекшеліктері, оқушының білім алуға деген ынтасын арттыратын оқыту үдерісін ұйымдастырудың жаңа үлгілері туралы да өз ойларын тарқатты. Жаңартылған білім беру аясында ұстаздың қай бағыттағы жұмысын күшейте түсуі керектігі де сөз болды.
Жаңа мазмұндағы оқыту бойынша облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында бастауыш сынып мұғалімдеріне арнайы семинарлар бұған дейін де өткізіліп, тренингтер барысында 560 ұстаз қамтылды. Қолданысқа енгізілген жаңа стандарттар аясында ұстаздар сыныптағы топтық жұмысқа баса назар аударуда. Бұл әдіс сабақты қызықты етіп өткізуге мүмкіндік береді.
Биылғы оқу жылының соңында мектептер балдық жүйеге көшпек. Яғни, оқушылардың оқудағы жетістіктері бағалармен емес ұпайлармен бағаланатын болады. “Дөңгелек үстел” барысында бұл жаңашылдық туралы да айтылды. Осы бағытта 400-ден астам мұғалім арнайы курстардан өтетін болады.
Дариға ӘБІШЕВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ
“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты”
филиалының аға оқытушысы.