«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАПТАЙ БІЛСЕҢ, ЖЕР ЖОМАРТ

Несібесін жерден терген аудан диқандары күзгі орақ науқанын кешіктірмей аяқтады. Ширақ қимылдаған Төменгі Бұрлық ауылындағы “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ерекше атап өтуге болады. Егін мен мал шаруашылығын қатар алып жүрген агроқұрылым ауданда жауапты науқанды алғашқылардың бірі болып бітіріп отыр.

Саналы ғұмырын дала төсіне дән сіңіріп, оны мәпелеп күтуге арнаған Сейілбек Махме­тов басқаратын шаруашылық 1999 жылы құрылған болатын. Бүгіндері серіктестіктің 25 мың гектарды құрайтын егістік алқабы бар. Күн жылынысымен “бес қаруын” сайлап, көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кіріскен диқандар 13,9 мың гектарға би­дай, 1,3 мың гектарға арпа және 0,5 мың гектарға сұлы сепкен болатын. Сондай-ақ, серік­тестіктің 2 мың гектар алқабына жасымық, ал 1,2 мың гектарға зығыр егілді. Біржылдық және көпжылдық мал азығы да ұмыт қалмады.

“Жер қадірін диқан білер” деп бекер айтылмаса керек. Тәжірибелі диқан Сейілбек Махметовтің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары барысында бидайдың “Астана” және “Шортанды” сияқты бірінші және екінші репродукциялы сұрыптарына басымдық берілген. Ала жаздай жүргізілген егіс технологиялары өз жемісін беріп отыр. Бидайдың орташа шығымдылығына келер болсақ, гектар берекелігі 20 центнерден айналған. Ас­тық сақтау қоймаларына жалпы салмағы 27 928 тонна алтын дән жеткізілді. Арпаның көрсеткіші де көңілден шығарлықтай. Науқан барысында 1300 тонна дақыл бастырылса, гектар басынан орташа 10 центнерден өнім алынған. Майлы дақылдар алқабынан жиналған астықтың көлемі де былтырғы көрсеткіштен кем түспейді деп күтілуде.

Шаруашылықтың күзгі дала жұмысы заманауи “John Deere” және “Сlass” комбайнда­рының арқасында уақытында аяқталды. Орақ науқанында жұмыс істеген озат комбайншылар Виктор Немков, Александр Алексеев, ағайынды Виктор мен Федор Цветцовтар, әкелібалалы Валерий мен Никита Андреевтар, Николай Ефимов, Юрий Попов және Роман Нестеренколардың есіл еңбегін атап өткен жөн. Сонымен қатар жергілікті кәсіптік колледж студенттері – Никита Андреев, Илья Толстиков, Олег Афа­насьев, Никита Тычинын, Виктор Кленко және Анатолий Райфиргерс ораққа белсене қатысты. Олар екі ауысымда еңбек еткен комбайншыларға көмекші болды.

Бүгінгі таңда агроқұрылымда 125 адам еңбек етсе, олардың басым бөлігі – Төменгі Бұрлық ауылының тұрғындары. Олардың орташа айлық еңбекақысы 90-100 мың тең­геден айналады. Ал күзгі орақ және көктемгі егіс науқаны кезінде қосымша тағы 30 жұмысшы қабылданады. 2018 жылы шаруашылық гектарынан 62,5 центнерден өнім алып, астық жинаудан рекорд орнатып, республика бойынша өңір абыройын асқақтатқан болатын.

Ауданымыздағы іргелі шаруашылық соңғы 20 жылдан бері егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де шұғылданады. Қазіргі таңда агроқұрылымда 1500 қазақтың ақбас сиыры бар. Кәсібі өрге домалаған шаруа мемлекеттің қолдауына дән риза. Өйткені, жыл сайын мемлекеттен әрбір малға 10 мың теңге көлемінде демеуқаржы беріледі. Сиырлардың басым бөлігі жергілікті серіктестіктерден алынған. Агроқұрылым басшысы Сейілбек Махметовтің айтуынша, малды күтіп-баптау үшін барлық жағдай жасалған.

– Кең жайлау, жайлы мал қоралары бар, жемазық та жеткілікті. Мұның барлығы төрт түліктің көбеюіне сеп. Жыл сайын алынатын төлдің 80-85 пайызы – ұрғашы бұзаулар. Оларды біз малдану үшін өсірудеміз. Бұзаулар тәулігіне бір килограмнан артық салмақ қосады. Өнімділігі шетелдік малдардан кем емес. Қазір қыстан қысылмай шығу үшін мол етіп жем-азық әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ, суық түскенше мал қораларын дайындап үлгеруіміз қажет, – дейді Сейілбек Ғазизұлы.

“Бабық-Бұрлық” ЖШС-і ауыл тұрғындарын, шаруашылық жұмысшыларын шөппен, сабанмен, мал мен құсқа қажетті жем-азықпен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта орақ науқанының аяқталуына байланысты үлескерлерге тиесілі пайлары таратылуда. Білікті кәсіпкер қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында округ аумағындағы 190-ға жуық зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі жанға ет жеткізіп берді. Кәсіпкер Төменгі Бұрлық ауылының тұрғындарына қолдан келген көмегін ешқашан аяған емес.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Суретті түсірген Екатерина ВОЛОШИНА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp