«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРЛЫҚ ҚАЗАНДЫҚ ТЕКСЕРІЛМЕК

Тауық жылының алғашқы күндерінде Қарағандының Шахан кентінде бесқабатты тұрғын үйде болған жарылыстан бір подъез опырыла құлап, бірнеше адам қаза тапты. Бір сәтте алты ересек пен үш баланың өмірі қиылды.

Бүгінге дейін белгілі болғандай, апат үйдің жертөлесіндегі дербес жылу қазандығының жарылуы салдарынан болған. Мамандардың айтуынша, қысымды реттеуші сорғы жұмыс істемегендіктен, артық қысым қазандықтың күлін көкке ұшырған.

Бұл оқиғадан кейін қазақстандықтар ескі тұрғын үйлердің бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіре бастағаны сөзсіз. Біздің облысымызда да орталық жылыту жүйесі жоқ, әрқайсысы өз бетінше күнін көріп отырған баспаналар бар. Басқа амалы қалмаған тұрғындар үйдің жертөлесінде қазандық орнатып, бірнеше үйді жылытып келсе, ал өзгелері пәтер ішінен пеш салып алуға мәжбүр болған.

Мәселенің мәнісін анықтау үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Ысмайыловқа хабарластық.

– Ауылды жерлердегі көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту жайы – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Бұған дейін жылумен қамтитын көптеген қазандықтар тозып, істен шыққан. Биылғы жылыту маусымына бюджеттен бөлінген 3,5 миллиард теңге қаржыға білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының нысандарында 32 жылыту қазандығы жаңартылса, 519 жылыту қазандығы дайындалды. Қарағанды облысында орын алған қайғылы жағдай қайталанбауы үшін біраз еңбектенуіміз қажет. Бұдан бөлек, алдағы уақытта облыстағы дербес жылу жүйесі және жеке қазандықтары бар көпқабатты тұрғын үйлердің барлығына тексеру жұмыстарын жүргізетін боламыз, – дейді бөлім басшысы.

Бұған дейін жүргізілген тексерістердің барысында аудандардағы көпқабатты үйлердегі пәтерлердің басым бөлігінде дербес жылу қазандықтары заңсыз немесе құзырлы құрылымдардың рұқсатынсыз орнатылғаны анықталған. Пәтер ішін пешпен жылытып отырғандардың да саны көп. Қолдан жасалған қазандықтарды пайдаланатындар да жетерлік.

Басшы орталық жылу желісіне қосылмаған дербес жылыту қондырғыларының техникалық құжаттары, баспана иелерінде жергілікті әкімдіктің, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің және экология жөніндегі департаменттің рұқсат қағазы міндетті түрде болуы қажет екенін атап айтты.

Орнатылған дербес жылу қазандықтары мен пештер тиісті органдардың қадағалауында болуы тиіс. Күзгі-қысқы маусымда жылуды пайдаланатын қондырғылардың іске қосылуы мен олардың техникалық жағдайын, сондай-ақ, жылу жүйелерінің дайындығы және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінің дайындық құжатын беру, сондай-ақ, есепке қою және қауіпті техникалық қондырғыны есептен шығару жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырылады.

– Бір сөзбен айтқанда, дербес жылу қазанын орнатқың келсе, барлық нормативтік актіге сәйкес құжаттарыңды дайындауға міндеттісің. Әр қазандықтың жанында қолдану бойынша түсініктеме қағаздың ілініп тұруы, жауапты қызметкердің жарық сөндірілгенде және сорғы істен шыққанда не істеу қажеттілігін білуі міндетті. Тіпті, соңғы қабаттағы “буржуйкалар” да назардан тыс қалмайды, – дейді бөлім басшысы Дәулет Ысмайылов.

Облысымызда жылу жүйесін оңтайландыру саласында біршама алға ілгерілеушілік бар. 2012-2015 жылдар аралығында “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Бескөл ауылында орталықтан жылыту қазандығы орнатылды. Бийск зауытынан сыйымдылығы 2,5 мВт болатын 8 “Gefest” қазандығы жеткізіліп, орталықтандырылған жылыту құбырына 25 әлеуметтік нысан мен ондаған көпқабатты тұрғын үй қосылған. Өткен жылы Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында 21 миллион теңге қаражатқа орталық жылу желісі мен жылу қазандығы орнатылды. Нәтижесінде 7 тұрғын үй мен 2 мектеп, аудандық әкімдік жылумен қамтамасыз етілді.

Бұған дейін басқарманың мамандары Тимирязев пен Ғабит Мүсірепов атындағы аудан орталықтарындағы 4 жылыту қазандығына тексеру жұмыстарын жүргізген. Қазір Новоишимкада құны 1 миллиард теңгенің орталық жылу желісі мен жылу қазандығының жобалық-сметалық құжаттары рәсімделуде. Болашақта мұндай жұмыс Есіл ауданының Явленка ауылында да жүргізілетін болады.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше елді мекендерде жылу қазандықтары тұрғын үйден, мекемеден тысқары жерге шығарылды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатқа Ақжар, Уәлиханов аудандары мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу орнының жылу қазандығы ғимараттан тысқары орнатылды.

Қай кезде де адам өмірінің қауіпсіздігі бірінші кезекке қойылатындығы даусыз. Өзекті өртейтіні тұрғындардың қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін білмеуі, дұрыс сақтамауы, жылыту пештері құбырларының тазаланбауы, газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбауы қайғылы оқиғаларға алып келуде. Мәселенің өткірлігі соншалық, ел бойынша тіркелген қайғылы оқиғалар бірнеше құрылым мамандарын аяғынан тік тұрғызуда.

Жуырда Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев республикадағы барлық жылу беру қазандықтарын тексеруді тапсырды. Бұл тапсырма қазандықтардың тиісті талапқа сай келмеуінің, заңсыз әрекеттерге жол берілуінің түбіне балта шабады деген сенім бар.

Түйін: Сайып келгенде, бұл салада шешімін күткен проблемалардың аз еместігіне көзіміз жетті. Желтоқсан айының соңында қыс қаһарына мінді. Қытымыр аяз әлі наурыз айына дейін жалғасатыны байқалады. Қалай дегенмен, басталған жұмысты тиянақтап, кемшілікті түзету, айтылған сыннан қорытынды шығару, қазіргі қойылып отырған міндет те, маңызды мәселе де – осы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp