Нұр-Сұлтан қаласында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Елордадағы жәрмеңкеге жүзден астам жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындардан 700 тоннадан астам өнім жеткізілген. Қала тұрғындарына үздік өнімдердің жүзден астам түрі ұсынылды. Мәселен, ет және ет өнімдері, кондитерлік өнімдер мен шұжық, жарма түрлері, қымыз, бал, көкөніс пен картоп сатылды. “Зенченко және К” командиттік серіктестігі, “Пальчик” жеке кәсіпкерлігі, “Масло-Дел”, “Максимальный размах”, “Фирма Алекри” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Мамлют ұн үгу комбинаты” мен “Сұлтан” макарон фабрикасының өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкеге қойылған экологиялық таза өнімдер базар нарығынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылды.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында биылғы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, өңірде дәнді дақылдарды жинау барысы сәтті жүзеге асырылғанын және елорда тұрғындары арасында біздің сүт және сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие екенін айтып, апта сайын 10 тоннадан астам аталған өнім Нұр-Сұлтан қаласына жіберілетінін жеткізді. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, өңірден жеткізілген 700 тоннадан астам өнімнің барлығы сатылды.
Екі күнге созылатын ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі елордадағы “Хан Шатыр” ойын-сауық алаңында өтті. Жәрмеңкеде біздің өңірден басқа, көршілес Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері де қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылғанын айтып өткен жөн. Бұл күні қала тұрғындарының назарына азық-түлік жәрмеңкесі ғана емес, мерекелік концерт те ұсынылды. Өңірден барған өнерпаздар нұрсұлтандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ерекше әсерге бөледі.