«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРШАНЫ БАУРАҒАН САЙЫСТАР

Мағжан Жұмабаев ауданының Құралай ауылында ұлттық спорт түрлері бойынша (қазақша күрес, тоғызқұмалақ, орыс лаптасы, теңге алу, аударыспақ, 1800 метрге ат жарысы, тоқ бәйге – 10000 метрге және құнан бәйге – 5000 метрге) спартакиада өткізілді. Осы спартакиадаға ауданымыздың ауылдық округтері мен Булаево қаласынан 100-ге тарта спортшы қатысты.

Сән-салтанатымен ашылған жарыстың қорытындысына келер болсақ, теңге алу бойынша жарыста бірінші орынды Болат Исеков, екінші орынды Қанат Нұрғалиев және үшінші орынды Серік Баймағамбетов еншіледі.

Аударыспақта 60 кг. дейінгі салмақ дәрежесінде аудан чемпионы атағын Сансызбай Ғабдуллин жеңіп алды, 80 кг. дейінгі салмақта бас жүлде Қанат Нұрғалиевқа бұйырды. 80 килограмнан жоғары салмақта аудан чемпионы – Науан Бекішев.  

Сәйгүліктер сайысын тамашалаушылар да көп болды. 1800 метрлік қашықтықта Жеңіс Сұрағановтың бағы жанса, құнан бәйгеде Нұралы Құнанбаев топ жарды. Ал тоқ бәйгеде Надежка ауылдық округінің сәйгүліктері алда болды.

Көкпаршылар арасындағы ақтық сынға Қарақоға және Лебяжье ауылдық округтерінің командалары шығып, шамалы айырмашылықпен алаң иелері жеңіске жетті.

Бозкілемдегі белдесулер де тартысты өтті. Түйе балуандар арасында Ризабек Укеновке тең келер ешкім болмады.

Тоғызқұмалақ бойынша жарыста полудиндік спортшылар алдына жан салмады, екінші орынды Булаево қаласының командасы алса, үшінші орын алаң иелері – Лебяжье ауылдық округінің командасына тиді.

Орыс лаптасы бойынша әйелдер командалары арасында полудиндіктер бірінші орын алса, қарақоғалықтар екінші орынды иеленді. Осы спорт түрі бойынша ерлер командалары арасындағы жарыста тағы да Полудин ауылдық округінің командасы жеңіс тұғырына көтерілсе, Қарақоға ауылдық округінің командасы екінші, алаң иелері – Лебяжье ауылдық округінің командасы үшінші орыннан көрінді.

Жалпы командалық есепте бірінші орын алаң иелері – Лебяжье ауылдық округінің командасында. Қарақоға, Полудин ауылдық окруктерінің командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті.

Медет БЕКІШЕВ,

қоғамдық тілші.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp