
Халықаралық балаларды қорғау күні өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыстық “Отбасылық үлгідегі балалар ауылы” мемлекеттік мекемесінде болып, тәрбиеленушілерді қызық пен қуанышқа толы мереке күнімен құттықтады. Мекеме директоры Арыстан Әкімжанов балалар ауылының жағдайы жайында айтып, жалпы ұжым туралы ақпарат берді.
2001 жылы құрылған балалар ауылында төрт отбасы тұрады. Тағдырдың жазуымен өмір жолы осы арнаға әкеп тоғыстырған 33 баланың ең кішкентайы алты жаста болса, үлкені он сегізде. Кемінде 7-9 баладан тұратын әрбір отбасында отанасының алатын орны, бала тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегі, ерекше, әрине. Шаңыраққа шуақ болып шашылып, жан жылуын бар балаға тең бөле білген отаналары жатты жақын қылып, балалардың бір-біріне қамқорлықпен қарауын қадағалайды.
Бұл күні төрт отбасының да ұл-қыздары мерекелік көңіл күйге бөленіп, келушілерді ерекше дайындықпен қарсы алды.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов №1 отбасында болып, балалардың тыныс-тіршілігімен танысты. Тоғыз баланы бауырына басып, аналық махаббатымен әр жүрекке жол таба білген отанасы Ирина Драчевская мәпелеп отырған ұл-қыздарының қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Қазақ тілін жетік меңгерген Юрий Колесников биыл тоғызыншы сыныпты тамамдаған. Қонақтармен әңгімелескен кезде ол өзінің арман-мақсатын айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық үшін алғысын жеткізді. Ал 6-сынып оқушысы Юлия Куземская болса өлең оқыды. Жас жеткіншектердің талабына дән риза болған облыс әкімі отбасына жақсылық, аманшылық тіледі.
Екінші кезекте өңір басшысы №2 қазақ отбасында болды. Отанасы Айшат Мұқышева – жеті баланы қанатының астына алған мейірбан ана. Жоғары санаттағы ұстаз Айшат Жүнісқызы – балалар ауылында ашылған күннен бастап жұмыс істеп келе жатқан білімді, білікті мамандардың бірі. Ұлттық салт-дәстүрді сақтап, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген отбасы балаларының жағдайымен отанасы таныстырып өтті. Биылғы оқу жылының түлегі Ислана Қапарова болашақта агроном болғысы келетінін айтты. Балалардың арман-тілегін тыңдаған облыс әкімі оларға өмір жолында тек қана сәттілік тілеп, әр отбасына ноутбук сыйлады.
Отбасылармен болған жылы жүздесуден кейін облыс әкімі аталмыш ауыл қасындағы бос жатқан жерді көрді. Өңір басшысы тиісті мамандармен сөйлесіп, осы жерде тағы екі үй салуға байланысты жұмысты бастап, оны 1 қыркүйекке дейін аяқтау керектігін айтты.
Мерекелік кездесу соңында өнерлі балалар қонақтарға алғысын әсем әнмен, мың бұралған бимен жеткізді. Айта кету керек, балалар қуанышын бөлісуге бұл күні әр отбасылардың демеушілері де келіп, жазғы демалысқа шыққан кішкентай балғындарға сауықтыру лагерьлеріне жолдама және мерекелік дастарқанға тәтті тағамдар әкелді.
Балалар ауылынан кейін өңір басшысы облысымыздың бас көшесіндегі орталық алаңда өткен мерекелік іс-шараларға қатысып, кішкентай балғындардың өнерін тамашалады.
Мереке күні көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан және интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үлкендердің қамқорлығына бөленді. Жасына, ұлтына, діні мен діліне бөлінбей, бір үйдің балаларындай көк аспанның астында асыр салып ойнаған бүлдіршіндер қуанышқа бөленіп, ән айтып, би биледі. Ертегі әлемінен қонаққа келген түрлі кейіпкерлер де кішкентай балалардың көңілін көтеріп, мерекеге ерекше сән берді. Кембағал жандарға көмек қолын созу үшін бұл күні облыстық ассамблея “Ақ гүл” деген атпен қайырымдылық шарасын ұйымдастырса, “Айналайын” ойын-сауық саябағындағы іс-шара да мүгедек балалардың көңілін бір сергітіп тастағандай болды.
“Нептун” аквапаркінің қызметкерлері саламатты өмір салтын насихаттап, осы тақырыпта түрлі ойындар өткізіп, қатысқандардың барлығына салмағы 5 килограмм тартатын тәтті тортты тең етіп бөліп берді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.