«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында учаскелік полиция инспекторлары алкогольдік өнімді заңсыз сату фактісін анықтады. Әкімшілік учаскеге бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізу барысында № 6 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері бес литрлік бөтелкелердегі сұйықтықты сату фактісін байқап қалады. Сауда Астана көшесіндегі базарда болған. Бұл ақпарат жақын маңда кезекшілікте жүрген учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Дәурен Қамзеновке жеткізілген.
Мән-жайды анықтау кезінде базар жұмысшыларының бірі ауылдан келген адамға бес литрлік 16 бөтелкедегі араластырылған 80 литр спирттің бір бөтелкесін 2500 теңгеге саудалағаны анықталды. Сатушы бұрын істі болмаған 30 жастағы қала тұрғыны бұл алкогольдік өнімді бірер күн бұрын белгісіз адамнан сатып алған екен. Ақша табу мақсатында алкогольді сатып жібермекші болған оның басы бәлеге қалып отыр..
Тәркіленген алкогольдік өнім санитарлық-гигиеналық сараптамаға жіберілді. Алдағы уақытта материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы жергілікті полицейлер 2114 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. «Учаске» операциясы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.