Мамлют және Ақжар аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері медициналық мекемелерде санитарлық талаптарды сақтамай, “COVID-19” ауруының өршуіне жол бергені үшін қызметтерінен айрылды.
Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы осы мәселеге қатысты брифинг өткізіп, онда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова ақ халаттылардың не себепті жұмыстан шығарылғанын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, үш апта ішінде Мамлют ауданында – 9, ал Ақжарда 7 медициналық қызметкер “COVID-19” вирусын жұқтырған. Қызметінен қуылған бас дәрігерлер бұдан басқа да бірқатар кемшіліктерге жол беріп, қарапайым сақтық талаптарын ескермеген. “Қазіргі жағдайға кез келген адам “COVID-19” ауруын тасымалдаушы болуы мүмкін. Сондықтан әр емдеу мекемесінде инфекцияның ғимарат ішіне тарауын болдыртпау мақсатында оқшаулағыш пен фильтр жұмыс істейді. Ақжар және Мамлют аудандарында бұл талаптар мүлде ескерілмеген. Соның салдарынан медициналық қызметкерлер арасында ауру өрши түскен”, – деді Татьяна Горлова.
Осы жағдай бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, мән-жайды сұрастырдық. Ведомствоның баспасөз қызметі: “Үстіміздегі жылдың 18 қыркүйегі мен 12 қарашасы аралығында Мамлют және Ақжар аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері тарапынан санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың төмен болуы салдарынан медициналық қызметкерлер коронавирус инфекциясына шалдықты. Емдеу мекемесінде жеке қорғаныс құралдары болғанына және жаппай жұқтырудың алдын алатын жұмыс алгоритмі құрылғанына қарамастан олқылықтарға орын берілді. Осыған орай қос аурухананың бас дәрігері жұмыстан босатылды. Бұл аталмыш азаматтардың басқа да лауазымдарға тағайындалу құқығын шектемейді. Сол себепті бұрынғы бас дәрігерлер бос лауазымдар болса кез келген медициналық ұйымға жұмысқа тұру жөнінде өтінішін білдіре алады”, – деп жауап берді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.