«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ЖҮЛДЕ – ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДЕ

Петропавл қаласындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатының “Sensitive” балдық би ансамблі Италияның Сан Марино қаласында өткен халықаралық шығармашылық және мәдениет фестиваліне қатысып, Гран при және бірінші орынды жеңіп алды.

Аталмыш фестивальға 300-ге жуық әуесқой және кәсіби бишілер қатысты. Соның ішінде Ольга Ростовщикова жетекшілік ететін “Sensitive” балдық би ансамблі Қазақстаннан барған жалғыз өнер ұжымы болды. Солтүстікқазақстандық өнерпаздардың мың бұралған биіне таңдай қақпаған жан болмады. Олар көрермендер назарына вальс, танго, посадобль, модерн стильді билерден алты нөмір ұсынды. Би ансамблі мүшелерінің шеберлігіне тәнті болған қазылар алқасы оларды ең жоғары жүлде – Гран приге лайық деп шешті. Сондай-ақ, жұптық аталымда модерн стилінде өнер көрсеткен Евгений Кузьмин мен Эллина Мессерле бірінші орынды жеңіп алды.  

Өнерпаз ұландар сапар барысында Италияның көрнекті жерлерін аралап, рухани азық алып қайтты. “Sensitive” балдық би ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикованың айтуынша, есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатының бишілері бұған дейін де талай сайыстарда өнер додасына түсіп, лайықты бағаларын алып келеді. Дегенмен, аталмыш деңгейдегі байқауға алғаш рет қатысқан.

– Байқауда хореография саласының майталмандары төрелік етті. Талап өте күшті болды. Алайда, біздің бишілер ел намысын ойдағыдай қорғап шықты. Бұл, әрине, облыс әкімі Ерік Сұлтанов, қала әкімі Марат Тасмағанбетов және басқалардың қолдауы арқасында мүмкін болды. Біздің балаларға сенім артып, осындай мүмкіндік жасағандарға өзімнің және шәкірттерімнің атынан айтар алғысымыз шексіз, – дейді ансамбль жетекшісі Ольга Ростовщикова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp