Облыс орталығында “Мен – чемпионмын!” балалар спорттық ойындарының республикалық кезеңі басталды. Еліміздің барлық өңірлерінен іріктеліп алынған он алты команда “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде төрт күн бойы өзара сайысады.
Жастарды саламатты өмір салтына баулып, спортқа деген қызығушылықтарын арттыратын жобада биыл ел бойынша 12 мен 14 жас аралығындағы 122 мыңнан астам мектеп оқушысы өнер көрсеткен.
Шара барысында қатысушыларды облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жасөспірімдер арасында спорттың дамуына ерекше көңіл бөлуде. Оқушылар арасында бәсекелестік рухын көтеруді мақсат еткен “Мен – чемпионмын!” ойыны бүгінгі таңда ауқымды спорттық қозғалысқа айналды. Барлық командаларға сәттілік тілеймін! – деді Ерік Хамзаұлы. Содан кейін команда капитандарына естелік сыйлықтар тапсырылды.
Алғашқы болып Қостанай, Шымкент қалаларынан келген “Акулы” және “Искра” командалары кездесіп, “Көпсайыс” аталымында сынға түсті. Тартысты өткен додада шымкенттік өрендердің мерейі үстем болды.
2000 жылы эфирге шыққан “Мен – чемпионмын!” телевизиялық бағдарламасы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауының арқасында 14 жылдық үзілістен кейін қайтадан жалғасты. Балалар спорт ойынына бірінші жылы – 5 мың, ал былтыр 12 мыңға тарта балғын белсене атсалысып, күш сынасқан.
Жергілікті тілшілерге сұхбат берген жобаның авторы, муниципалды телерадио арнасының директоры Евгений Сазанов додаға алдағы уақытта көршілес мемлекеттердің де балғындары қатысуы мүмкін екендігін айтты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.