Өткен жылы Ақтөбеде болған қанды қырғын әлі күнге дейін ел есінде. Бұл сұмдық оқиға баянды өміріміздің берекесін қашырып, қазақ халқының басына ортақ қайғыны жамады. Содырлардың лаңкестік әрекеттері бірнеше қандасымыздың өмірін қиып, қоғамда үрей туғызды. Алайда, ержүрек сарбаздарымыз оларға тойтарыс берді. Қиын күнде қолына қару алғандардың қатарында жерлесіміз Бахтияр Қайырбеков те болды.
Бахтияр Қайратұлы – Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылының тумасы. Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы техникалық колледжді тамамдаған соң 2015 жылы әскер қатарына шақырылып, Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген көп сарбаздың бірі еді. Өмір мен өлім арпалысқан сол күнгі оқиға оның тағдырын түбегейлі өзгертті.
2016 жылдың 5 маусымында жас сарбаз Бахтияр Қайырбеков әскери қалашықты күзету мақсатымен түскі сағат 13.00-де автопарктегі үшінші бекетте ішкі қарауылға тұрды. Кезекті ауыстыруға 20 минут қалғанда қанды қырғын басталып кетеді. “Қазір кезегім ауысады деп отырғанда атысты естідім. Бастапқыда оқу-жаттығу шаралары шығар деп, назар аудармадым. Сәлден соң күмән туып, екінші бөлімге хабарласып, бізге шабуыл жасалғанын білдім”, – дейді сарбаз.
Сол күні әскери қалашыққа 16 лаңкес баса-көктеп кіріп, қаруларды қолды ету мақсатымен жауынгерлерге оқ боратқан еді. Солардың алтауы Бахтияр қарауылда тұрған автопаркке беттеген. Кіре сала оқ жаудырған лаңкестердің бетін қайтаруда жарғы бойынша әрекет еткен сарбаз қорқыныштың болғанын жасырмады. “Алдымнан алты содыр шығып, маған қарсы оқ боратқанда, бойымды қорқыныш биледі. “Көз алдымнан бар өмірім өте шықты” деген сөздің мағынасын сонда түсіндім. Бірақ бар күш-жігерімді бір жұдырыққа жиып, лаңкестерге тойтарыс бердім”, – дейді Бахтияр Қайратұлы.
Бұл оқиғадан кейін әскери бөлімнің басшылары Бахтиярға алғыс айтып, оған сарбаздық жолды жалғастыруға кеңес береді. Осылайша, ержүрек жауынгер былтыр Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институына оқуға түсті.
Жауынгердің бұл батырлығы мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақорда төрінде үлгілі әскери қызметі мен жанкешті ерлігі үшін курсант Бахтияр Қайырбековтің өңіріне үшінші дәрежелі “Айбын” орденін тақты. Жауынгер бұл сәттегі толқынысымен де бөлісті. “Жоғарғы Бас қолбасшы дүйім жұрттың алдында мен жайлы айтып, оның қолынан орден алғанымда қатты толқыдым. Жалпы мен өзімді ерлік жасадым деп айта алмаймын, тек қана өзімнің әскери міндетімді бұлжытпай орындадым”, – деді ол.
Иә, бар болғаны 20 жасында ерліктің ерен үлгісін көрсете білген Бахтияр бейбіт өміріміздің қорғаны болуға әбден лайық!
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.