«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЯХМЕТ АҒАМЫЗДЫҢ БАТЫРЛЫҒЫ

АТТАНЫС

1941 жылдың маусым айы. Таң қылаң бере Баяхмет әдеттегідей ұйқыдан ерте оянды. Күндегідей жуынып-шайынып болып, киіне бастаған баласын шешесі Қадиша байқап қалып:

– Балам, таңғы тәтті ұйқыңды бұзып, қайда асығып тұрсың? – деді.

– Апа, ұйқы қайда барады, жұмыс көп, өгіздерді ұстап әкеліп, малға жөнелуім керек, – деп жерүйдің есігін ақырын ашып, Баяхмет далаға шығып кетті.

Күн әлі ұясынан шықпаған екен, салқын самалмен ұйқысын ашқан соң, көзі жаздың самсаған жұлдыздарына түсті. Қолына арқанын алып, “Мыңқой” деп аталатын шоққа қарай жүрді. Тұнық жұпар ауаны көкірек кере жұтып, жан-жағына қарады. Жап-жасыл теңіздей боп толқыған шүйгін шөп тізесінен биік, әлдеқайдан жусан иісі келіп мұрын қытықтайды. Ұшықи-ырсыз далада сан алуан құлпырған гүлдер көз арбап, Баяхметтің көңілін көтерді.

Жас жігіт асықпай аяңдап келе жатып, шоқтың бауырында жайылып жүрген қара малды көрді. “Дәуде болса өгіздер осы малдың ішінде шығар”, – деп ол шоққа қарай тура тартты. Шөпке тойған өгіздерді тауып алып, жетектеп, әлгіндей болмай ауылға қарай жүрді. Алдынан шөп шабуға шыққан ауылдастары кездесіп, бәрімен де сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасты. Олардың арқаларына ілген шалғылары таң сәулесімен шағылысқандай. Жаз шыға, пішен шабу науқанына бұл ауылдың үлкен-кішісі түгел атсалысушы еді.

Үйіне келісімен шешесі қайнатып қойған қою шайды ішіп, Баяхмет күндегідей малға жөнелді.

Түс ауа батыс жақтан қатты жел соғып, дауылға айнала бастады. Түнерген қара бұлттар шайдай ашық аспан жүзін көлегейлей берді. “Сірә, жауын болар”, – деп ойлады Баяхмет. Осы кезде малшы жігіттің құлағына “Мешел, Мешел!” – деген қатты дауыс шалынды. Ауылдастары Баяхметті кішкентай кезінен Мешел деп атап кеткен, сол лақап есімі өмірден озғанынша сақталды.

Баяхмет колхоз басқармасының төрағасын көріп:

– Ассалаумағалейкүм, Әутақ аға! – деді әдеттегідей. – Жаңағы сіздің дауысыңыз екен ғой. Неге іздедіңіз?

Өңі сұп-сұр болып, өрт сөндіргендей өзгеріп кеткен төрағаның ерні дірілдеп кетті. Баяхмет те қобалжып, бір сойқанның болғанын сезді.

Осы кезде Әутақ жас жігіттің қос иығынан қапсыра құшақтап, арқасынан қағып:

– Айналайын, ер жігіт үшін сын сағаты соқты, – деп, Баяхметтің қолына әскери комиссариаттың шақыру қағазын ұстатты.

Баяхмет қағазға үрейлене қарады.

– Соғыс… – деген суық сөз колхоз төрағасының аузынан әзер шықты.

Жігіт жүрегі дүрс-дүрс соғып, суық хабардан қалшиып тұрып қалды. Әутақ Әбілнәсірұлы да күрсініп, ойға батты. Ойланарлық себеп аз емес еді. Ауылдықтар “басқарма” деп атайтын колхоз басшысы Баяхметке қандай жұмыс тапсырса да, қой ауызынан шөп алмайтын, момын жігіт бәрін тап-тұйнақтай қылып атқаратын. Михиндер шаңырағының бас көтерер үлкені де, иесі де сол болатын. Ол таң атқаннан күн батқанға дейін дамыл алмай, колхоз малының соңында жүрсе де, басқа ауыр жұмыстарға да араласатын, орылған бидайды өгіз арбамен қырманнан астық бастырғышқа – “молотилкаға” таситын.

Сонымен, кешке жақын Михиндер шаңырағына ауылдың шал-кемпірлері, бала-шаға жиналып, үлкен әбігер болды. Бәрінің де әдеттегі көтеріңкі көңілдері су сепкендей басылған. Өксіп жылау-сықтау да басталған. Ақсақалдар болса, соғыс жөнінде әртүрлі болжам айтып жатты. Біреуі өзінше күшейіп: “Гитлердің түбіне жетіп, құрту керек. Белдесуді бастаған екен, ендеше, белін сындыру керек…” – десе, басқалары оны жағалай қостап қойды: “Иә, біз ешкімге тиіспейміз, бірақ өзі тиіскенге ешқашан бас имейміз, фашистердің күл-талқанын шығаруға әскеріміздің күші жеткілікті. Керек болса, біз де дайынбыз”.

Ал, Баяхметтің анасы болса, өксіп жылап, аппақ қардай орамалының ұшымен көзін сүртіп: “Құлыным, жауыз фашисті тезірек жойып, аман-есен ортамызға оралуға жазсын. Алла, тілегімді қолдай гөр!” – деп батасын берді.

“Қош, бауырым, сұмырай жаудың алдында жүректі бол, намысыңды берме! Алла тағала елге аман келуге жазсын”, – деген сөздер естіліп жатты.

Ат жеккен арбаға мініп, аудан орталығына қарай жүріп кеткенде шығарып салып тұрған жұрт көздеріне жас алып, қол бұлғап қала берді. Иттер де бірдеңе сезгендей, қыңсыласып, аттың соңынан біразға дейін еріп жүрді. Артта сарбаздардай сап түзеген ақ қайыңдар, ақ селеуі желбірей жайқалған кең дала қалды бір тылсым үнсіздікке беріліп. Тек арба доңғалақтарының сықыры ғана естіледі. Түнгі жол жеткізбейтіндей, уақыт баяулап қалғандай көрінді. Баяхмет туған жерін қимай, аспанда жыпырлаған, жанып-сөнген жұлдыздарға қарап, өткен күндеріне ой жіберіп, алда не күтіп тұрғанына алаңдай бастады…

ГЕНЕРАЛДЫҢ АЛҒЫСЫ

Менімен осыдан көп жыл бұрын кездескенде майдангер Баяхмет Нұрмағанбетұлы әңгімесін:

– Сонау қаһарлы күндерді еске алу оңай емес, өйткені, талай қандыкөйлек достарым ұрыс даласында көз жұмды. Не дегенмен, жүректегі жара, иыққа тиген оқ әлсін-әлсін мазалайды… – деп бастаған еді.

Сосын Баяхмет аға бір сәт үнсіз қалып, күрсініп қойып, әңгімесін жалғастырды:

– Мен қатысқан зор шайқас 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде болды. 88-інші атқыштар дивизиясы қалаға шабуыл жасады. Біздің екінші ротаның жауынгерлері өздеріне жүктелген міндеттерін мүлтіксіз орындауға сақадай сай болатын.

Жаңа ғана жер-дүниенің ойран-топырын шығарған “соғыс тәңірі” – артиллерияның қолдауымен біз жаудың траншеясына “уралап” айқайға басып, ұмтылдық. Кенет бір бүйірден фашистердің пулеметі сақылдай жөнелді. Біз, лап қойған автоматшылар, жер бауырлап жата қалдық. Таяқ тастам жерде снаряд, миналар жарылып жатыр. Бомбалаушы және шабуылдаушы ұшақтар аспаннан отты нөсер жаудырды. Бір кезде гитлершілердің жаяу әскерлері ұзын арқандай шұбатыла шабуылға шықты.

Рота командирі жас капитан, бәрімізбен ортақ тіл табыса білетін әрі ержүрек адам болғанымен, бөлімшені қарсы шабуылға көтеруге қанша тырысса да, сәті келмеді. Айналадағы тарсыл-гүрсіл еш саябырлар емес.

– Жігіттер, – деді командир қараңғы түскен кезді пайдаланып. – Бір қадам шегінуге болмайды, тек қана алға! Біреуің шегінетін болсаң, мен оңдырмаймын, текке оққа ұшасыңдар…

Пулеметтен және басқа да қару-жарақтан атылған оқтардың толастар түрі жоқ. Фашистер табанды қарсылық көрсетіп бақты. Олар үйлердің жоғарғы да, астыңғы да қабаттарында, қиратылған зауыттардың ішінде бекініп алған. Ауыр да азапты ұрыс әрбір үй мен көше, трактор зауыты, жол үшін жүріп жатыр. Әр тұстан, қираған үйлердің терезелерінен де автоматтардан, пулеметтерден, винтовкалардан үздіксіз оқ атылуда, танк, зеңбіректердің де гүрсілі әлсін-әлсін құлақ жарады. Жараланған мен өлгендер де бар. Кеңес солдаттарының қас-қабақтары түнеріп кеткен, ашу-ызаларында шек жоқ.

Қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан бір сәтте командир мені қасына шақырып алып:

– Жолдас Михин, сізге үлкен сенім артамын, анау бөгет жасап тұрған жаудың ұясын жойыңыз! Міне, екі гранат, – деп бұйрық берді.

– Құп болады! – дедім де, жау шебіне қарай еңбектей жөнелдім…

Айта кету керек, қатардағы жауынгер Михинді командирлері, жолдастары ержүрек, салмақты да сабырлы, мерген, жалын мен оттан жаралған жігіт десетін.

…Міне, Баяхмет жер бауырлап алға жылжып келеді. Ысқырған, зыңылдаған оқ бүркіп тұр. Тірі қалуы екіталай. Бірақ, бораған оқтың астында жолдастары жатыр. Сарбаз соны ойлап, жаудың ұясына жақындап, пулеметтің тұрған жерін анықтап алды да, гранатаны лақтырып жіберді. Пулеметтің үні өшті. Шаң-топырақ аспанға көтеріліп, оқ-дәрінің иісі бұрқырай шықты. Сол сәтте аспанды қызыл түске бояп, ракета атылды да, рота жауынгерлері жатқан орындарынан шабуылға көтерілді. Алайда, жаудың тағы бір пулеметі сақылдап қоя берді. Не істеу керек? Әрбір секунд санаулы. Сол иығынан оқ тиіп, қансыраған Баяхмет жер бауырлаған күйінде, алға көз салып, екінші пулеметтің ұясын көрді. Жанын сала жылжи-жылжи жау амбразурасының ажал шашқан аузына жақын келіп тоқтап, бар күшін салып, соңғы гранатаны ДЗОТ-қа құлаштап лақтырды. Граната жарылған жерінің шекқарынын ақтарғандай, солқ еткізді. Бұл пулеметтің де сақылдаған үні сап тыйылды.

– Ура! Отан үшін! Алға!

Сарбаздар фашистердің алғы шебіне лап қойды. Осы шайқастағы жанқиярлық ерлігі үшін Баяхмет Михин үшінші дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталды. Осыдан кейін де талай шайқастарға қатысып, батырлық танытады. Сөйтіп, оның кеудесіне екінші дәрежелі “Даңқ” ордені де тағылды.

– Тағы бір шабуылдың алдында бізге дивизия командирі келіп, жауынгерлермен әңгімелесті, – деді қарт жауынгер сөзін жалғастырып. Бұған дейін генерал жаудың алдыңғы шебін бинокльмен шолып өткен екен.

– Әрқайсымыздың жүзімізге байсалдылықпен қарап, генерал сұрай бастады.

– Мына “Даңқ” ордендерін қандай ерліктерің үшін алдың? – деді маған генерал.

– Алғашқысын фашистің амбразурасын жойғаным үшін, ал, екіншісін барлауда жаудың “тілін” әкелгенім үшін.

– Жарайсың, азаматым, ерлігіңе ризашылығымды білдіремін! – деп генерал қолымды қысты.

Жағдайымызды, көңіл күйімізді біліп, дивизия командирі бізге жеңістен-жеңіске жетіп, аман-сау туған елімізге оралуымызды тіледі. Сол генералмен жылы кездесу бәріміздің бойымызға күш-жігер беріп, көңілімізді қуаныш кернеді. Әрине, Жоғарғы Бас қолбасшының: “Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!” деген сөздері жауынгерлерге күш-жігер беретін. Сондықтан да олардың майданда жасаған ерліктері, көп-ұлтты халықтың бірлігі мен достығы жеңісіміздің қайнар көзі болды. Қысқасы, әрқайсымыз жеңісті жақындата түсуге не қажеттің бәрін істеуге ұмтылдық.

Баяхмет Нұрмағанбетұлы біраз үнсіз ойға шомып отырып, тағы да тіл қатты:

– Иә, соғыс аяқталғаннан бері қаншама жылдар, “қысқа жіп күрмеуге келмеген” қиын кезеңдер өтті. “Алыс пен жақынды жортқан біледі, ащы мен тұщыны татқан біледі”, деп тегін айтпаған ғой аталарымыз. Майдангерлер, тылда еңбек еткендер бұл өмірде не көрмеді? Тылдағылардың еңбегі де ерлік, оны да ұмытуға болмайды. Сол соғыс жылдары ерлер атқарған ауыр жұмыстар кемпір-шалдардың, әйелдер мен жас балалардың мойындарына жүктелді. Бүкіл ауыртпалықты көтере жүріп, соғыс кезінің балалары ерте есейді. Ол кездегі шаруашылықтың жағдайы бүгінгідей емес еді, техника дегенді білмейтінбіз. Трактор мен комбайнның жұмыстарын өгіз, ат атқаратын. Ағаштан жасалған тырнауышқа, шөп сыратын сырмаға екі пар өгіз жегілетін. Солардың соңында балалық шағын көрмей, таңнан кешке дейін буыны бекімеген жасөспірімдер жүретін. Қиыншылық көрсе де, үлкен-кішінің бәрі де ынталана еңбек етіп, майдандағыларға азық-түлік, жылы киім-кешек жіберіп, көмек көрсетті.

Ал, ауылға алғашқы ағаш кабиналы “ЗИС-5” автомашинасы келгенде жерлестеріміздің қуанышы қойнына сыймап еді. Оның руліне алғашқы болып отырған Қасен Омаров еді. Ол кісі жұрттың арасында сыйлы болды. Бәріміз оның талабы зор, өз ісіне тиянақты, кәсіби жүргізуші екендігін мақтаныш қылатынбыз. Ел басына күн туған кезде Қасен де майданға аттанып, әскери жүргізуші болып, соғыстағы ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен, медальдармен марапатталды. Соғыстан оралған соң үйреншікті кәсібін жалғастырды.

Осылай деген Баяхмет Нұрмағанбетұлының өзі де соғыстан кейін, жаралы болғанына қарамастан көп жылдар адал еңбек етіп, жерлестерінің ортасында беделге бөленді. Адамдарға деген айрықша мейірімділігімен, ақжарқын мінезімен танылды. Ол тек жұмыста ғана емес, отбасысында да адамгершілік қасиеттерімен үлгі-өнеге болған абзал адам еді. Жұбайы Күлжан апай да өзіне сай ақкөңіл, адал жан. Бүгінде тылдағы еңбек ардагері атанған әжеміздің жастарға айтар әңгімесі аз емес. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, Баяхмет ағамыздың осындай өнегелі отбасыда тәрбиеленген балалары Амантай, Аман, Маман, Қорғанбек, Есләмбек, Айнагүл – бәрі де өмірде өз орындарын таба білді.

“Біздің көргенімізді сендердің бастарыңа бермесін. Оқыңдар, адал еңбек етіңдер, сонда ғана алдарыңа қойған мақсаттарыңа жетесіңдер” деген әке өсиетін балалары есте ұстап, өсті. Ал, Қорғанбек көп жылдар еліміздің әскері қатарында – Әуе қорғанысы күштеріндегі саяси қызметін абыроймен атқарып, сарбаздардың патриоттық рухын көтеру ісіне өз үлесін қосты. Подполковник шенінде запасқа шығып, бүгінде ұстаз ретінде жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беру ісімен айналысуда.

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист, полковник.

Айыртау ауданы,

Дәуқара ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp