«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАНАТЫЛЫҚ БЕЛГІСІЗ ЖАУЫНГЕР туралы кино түсірілмек

Өңірімізге қазақстандық кинорежиссер, продюсер Сергей Әзімов келді. Ол 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан солтүстікқазақстандық жауынгер туралы “Белгісіз жауынгерді іздеу” деп аталатын деректі фильм түсіруге ниетті. Жауынгер бұрынғы Югославия, қазіргі Словения республикасының Повир қалашығында қаза тауып, жергілікті тұрғындар оны сонда жерлеген, әлі күнге дейін қабірді күтіп ұстауда. Кинорежиссердің өңірімізге келудегі мақсаты – ерлікпен қаза тапқан батырдың туған-туыстарын тауып, ол жайлы мәліметтер жинау.

Жауынгердің Словения мен Италияның шекарасындағы Повир қалашығын жаудан азат ету кезінде оққа ұшқаны белгілі. Ержүрек жігіт қаза табардың алдында фашист әскерлерінің комендатурасына граната лақтырған. Атыс барысында өзіне де оқ тиген. Жараланған жауынгерді жергілікті тұрғындар шіркеуге жасырып, жау қолына бермеген. Алайда, ол алған жарақатының салдарынан бірнеше күннен кейін көз жұмған. Тұрғындар оны жасырын түрде шіркеу жанындағы зиратқа жерлеп, қабірге діни қызметкерлер құлпытас қойған.

– Шіркеудегі кітапта жауынгердің есімі “Кассе Себеро” деп көрсетілген. Қазақтың есімі емес, әрине. Алайда, жауынгердің рухына құрмет көрсетіп жүрген жергілікті тұрғындар оның түр сипаты азияттық болғанын айтады, – деген кинорежиссер Сергей Әзімов аталған кітапта жауынгердің майданға шақырылған жері “Қазақстан облысы, Октябрь ауданы, Бағанат ұжымшары” деп көрсетілгенін жеткізді. – Зерттеушілер оның есіміндегі “Себеро” қате жазылғанын, Қазақстанның алдындағы “Северо” (Солтүстік) дегенді білдіреді деп пайымдап отыр. Зерттеу жұмыстары жүргізілді. Октябрь ауданы, Бағанаты ауылы Солтүстік Қазақстан облысында ғана бар екені белгілі болды.

Бағанаты ауылы қазіргі Шал ақын ауданында бүгінге дейін сақталған. Облыстық мұрағаттың мамандары жауынгердің аты-жөнін анықтау үшін құжаттарды тексеруде. Облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікованың мәліметінше, аталған елді мекеннен майданға 48 азамат аттанған. Олардың 16-сы қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған. “Осыдан екі жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық белгісіз жауынгердің зираты табылғаны жайлы хабар жарияланды. Мәліметтердің барлығы толық сәйкес келді. Ол – бұрынғы Югославияда партизан отряды сапында соғысып, 1943 жылдың ақпан айында із-түзсіз жоғалған Жамбыл ауданының тұрғыны Қасым Жақыпов болуы мүмкін. Бірақ неге екенін белгісіз, жауынгердің майдан даласына шақырылған жері басқаша көрсетілген”, – деді Сәуле Мәлікова.

Белгісіз жауынгердің кім екенін анықтау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp