Өнегелі әулеттерді жастар арасында насихаттау, қоғамдағы отбасы институтын нығайту – қазіргі заманның ең басты мәселелерінің бірі. Өйткені, мемлекеттің ұйытқысы да, алтын арқауы да – отбасы. Әрбір шаңырақтың діңі мықты болса, елдің де еңсесі биіктей бермек. Өңірімізде өзгелерге өнеге ретінде көрсететін әулеттер аз емес. Солардың бірі – биылғы “Мерейлі отбасы” республикалық конкурсының қатысушылары Машиковтар отбасы.
Жамбыл ауданы Жаңажол ауылында тұратын Айдархан Брәлұлы мен Гүлшара Шаяхметқызы – өмірге 11 бала әкеліп, оларға лайықты білім мен тәрбие бере білген өнегелі жұп. Бүгінгі күні 32 немере-жиенінің қызығына бөленіп, үлгілі әулет ретінде елге танылуда.
Әр перзентін “жалғызым” деп түсінетін Айдархан ағамыздың өзі көпбалалы отбасында дүниеге келген екен. Балалық шағы қиын кезеңдерге тұспа-тұс келсе де, ата-анасы оны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріпті. Ауыл баласы ертеден еңбекке араласып, нағыз бақыттың тек маңдай термен келетінін жастайынан ұққан. Ол 36 жыл бойы түрлі салаларда тынымсыз еңбек етіп, ауылының өсіп-өркендеуіне үлесін қосты. Ақсақалдың маңдай терінің өтеуі ретінде оған “Еңбектегі ерлігі үшін” медалі табысталды. Гүлшара апамыз болса – бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ол жергілікті мектепте 36 жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, зейнет демалысына шықты.
Бақытты ана ұстаздық ете жүріп, Гүлмира, Бауыржан, Әсем, Әсемгүл, Динара, Айболат, Анар, Қайрат, Самат, Самал мен Ақтоты есімді ұл-қыздарын дүниеге әкелді. Жұбайы екеуі қызмет бабымен жүрсе де, балаларының тәрбиесін назардан тыс қалдырған жоқ. Ең бастысы, оларды еңбекке баулып, бір-біріне қамқор болуға үйретті. Үлкендері кішісіне қарайласып, шаңырақта нағыз бауырмалдық орнады. “Жұбайым екеуміз жұмыс аяқталысымен, үйге асығатынбыз. Табалдырықтан аттаған сәтте үлкен ұл-қыздарымның үйді жинап, тамақ әзірлеп қойғанын көргенде қатты қуанатынмын. Балаларым бүгінде бір-бір отбасының ұйытқысы болып, өз өмір жолдарымен кетсе де, әлі күнге дейін ақылымды айтып, жол сілтеп отырамын. Қазақ – ұрпағымен мақтанады, мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының тірегі – әке, жылу таратары – ана екені сөзсіз. Сондықтан өмірімізді өнеге жолына салып, отбасын сақтауда бекем болдық”, – дейді ақ жаулықты ана.
Машиковтар әулетінің алты баласы білім беру саласында табысты еңбек етуде. “Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” демекші, өзге балалары да білім алып, түрлі саланың тізгінін ұстап отыр. Гүлшара әжей мен Айдархан ата қолдары қалт етсе, қорада тұрған төрт түліктің қамымен жүреді. Алыстан келген немерелеріне ақтан дәм таттыру үшін мал ұстап, жылы-жұмсағын әзірлеп қояды. Бұл әулеттегі сыйластық – көрші-қолаң, туыс-тумаға өнеге. Жүзінен жылы шуақ төгіліп, тұла бойы ізгі қасиеттерге толы апамыз отағасының алаңсыз қызмет атқаруына қолдан келген жағдайды жасады. Отағасы да үй шаруасы мен балалардың тәрбиесіне көмектесіп, жарының жанынан табыла білді. Соның нәтижесінде бүгінде бақытты ғұмыр кешуде. Ал бала-шағасы болса, әулеттің діңгегіне айналған қарияларға деген қамқорлықтарын аямауда. “Ата-анамыздың бір-біріне қатты сөйлеп, жанжалдасқанын көрмеппіз. Олар бүгінге дейін бізге өз ақылдарын айтып отырады. Осындай тәрбиенің арқасында әрқайсымыз өз жолымызды тауып, ортамызға жақсы қырымыздан танылуға тырысып-ақ келеміз”, – деген үйдің үлкені Бауыржан өз балаларына да жақсы тәрбие беруге талпынуда.
Талай қиын кезеңді бастан өткере жүріп, саналы ұрпақ тәрбиелеген жұп бүгінгі жас отбасыларға ауызбіршіліктің жетіспейтіндігін айтады. “Отбасында татулық пен бірлік, ерлі-зайыптылар арасында бір-біріне деген сенім болмаса, шаңырақ шайқалмай тұрмайды. Өмір дегеннің өзі мектеп емес пе? Отау құрғаннан кейін отбасында жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысу керек”, – дейді Гүлшара әжей. Оның шаңырағындағы ерекше сыйластық жайлы ғибратты әңгімелері бізді де ойға шомдырды. Мысалы, ақ жаулықты ананың отбасы үйлесімділігі тағылымды тәрбиеден бастау алуы керек деген пікірімен келіспеу мүмкін емес. Ендеше, елдігіміздің түпкі негізі қаланып, ұрпағымыздың дүниетанымы қалыптасатын отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан балалардың бойында адамгершілік пен имандылық рухын егуге баршамыз мүдделі болуға тиіспіз. Сонда ғана біздің болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болары сөзсіз.
Гаухар ҚАЙДАРОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.
СУРЕТТЕ: Машиковтар отбасы.