М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде (Kozybayev university) соңғы шыққан техникамен жабдықталған сандық бейнестудия ашылды. Бұл жоба “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Оның ашылуына қатысқан меймандар студияның мүмкіндіктерін байқап көрді.
Студенттерді қашықтан оқыту барысында білім сапасын төмендетіп алмау үшін университет басшылығы инновациялық технологияларды іске жаратуды құп көрген. Түрлі оқу орнының тәжірибелерін зерттей келе мамандар сандық бейнестудияның қажеттілігін аңғарған.
“Бұған дейін бейнедәрістерімізді үйде отырып немесе тьюторлық сыныптан жазып жіберетінбіз. Қазір кәсіби бейнетүсірілім жасалады. Оны сапалы етіп монтаждауға болады. Ол үшін арнайы компьютерлік бағдарламалар пайдаланылуда. Мұнда дәріс беруші сабақты түсіндіріп қана қоймайды, өз студенттеріне таныстырылымдар көрсету мүмкіндігіне ие”, – дейді университеттің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қашықтан оқыту бөлімінің жетекшісі Марина Санникова.
Бейнестудияда алғашқылардың қатарында жазылған авторлық бағдарлама “Ақпараттық жүйелер” және “Информатика” мамандықтары бойынша оқитын студенттерге арналып дайындалыпты. Су жаңа “Жасанды сананың жүйелері” бейнекурсын жастар алдағы семестр бойы меңгереді.
“Университет қабырғасында алғаш рет пайдаланылып отырған бұл цифрлық зертхананы өңір колледждеріндегі, мектептер мен өзге де оқу орындарындағы ұстаздар да қолданса дейміз. Олар студияның көмегімен бейнесабақтар, біліктілік арттыру курстарын, презентациялар жасап, сабақтарын жоғары технологиялық деңгейде ұйымдастыра алады”, – дейді университеттің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Ербол Исақаев.
Бұл студия М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен алматылық “Эпиграф” баспасының бірлесіп қолға алған жобасы. Барлық түсірілген материалдар университеттің электронды порталында сақталып, білім ордасының оқытушылары мен студенттеріне қолжетімді болмақ.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.