«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ АУЫЛ ТЫНЫСЫ

Облыс әкiмi Ерік Сұлтанов Ақжар ауданына жұмыс сапары барысында Қулыкөл ауылдық округiнде болды.

Өңiр басшысы алдымен “Қожылдақов” жеке кәсіпкерлігінің сүт қабылдау пунктiнiң жұмыс барысымен танысты.

– Үстіміздегі жылдың тамыз айында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алдық. Бұл қаржыға ғимаратты жөндеп, инфрақұрылым желілерін тарттық. Салқындататын құрылғысы бар кiлегей айырғыш сепаратор, май шайқағыш және басқа да құрылғылар сатып алынды. Қаймақ, iрiмшiк, сарымай, құрт және басқа да сүт өнiмдерiн өндiретін кәсібіміздің жұмысы көктем уақытында қарқын алады, – дейдi жеке кәсiпкер Есiлбай Қожылдақов.

Өнiмге жергiлiктi тұрғындармен қатар, аудан орталығы – Талшық ауылынан және өзге де көршi елдi мекендерден де сұраныс бар.

Кәсiпкер алдағы уақытта наубайхана ашуды жоспарлап отыр.

Әрi қарай облыс әкiмi “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлген “Балапан” балабақшасында болды.

Бүгiнде балабақшада 80-ге жуық сәби тәрбиеленуде. Мұнда оларға барлық жағдай жасалған. Медицина кабинетi мен кiр жуатын орын бар, тәрбиеленушілер күніне бес мезгіл тамақпен қамтылған. Ерiк Сұлтанов өнерлерiмен тәнтi еткен бүлдiршiндерге жаңа теледидарды сыйға тартты.

Содан соң өңiр басшысы ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты. Ерiк Сұлтанов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, өңiрдiң тәуелсiздiк жылдарында жеткен маңызды жетiстiктерiне тоқталып, облыс дамуына Ақжар ауданының қосқан үлесiн атап өттi.

– Солтүстiк Қазақстан облысының жалпы iшкi өнiмi 13 есе артып, 837 миллиард теңгеге жеттi. Негiзгi капиталға құйылатын инвестиция көлемi 34 есе өстi. Өндiрiстiк өнiм көлемi 167 миллиард теңгеге артты. Агроөнеркәсiп кешендерiндегi еңбек өнiмдiлiгi үш есе өсіп, адам басына 1,7 миллион теңгенi құрады. Үстіміздегі жылғы орақ науқанында Ақжар ауданының шаруалары гектар берекелігін 15,3 центнерге жеткізіп, 300 мың тоннадан астам астық жинады. Бұл өте жақсы көрсеткiш. “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Құлан” және “Ырыс” бағдарламалары бойынша 10 жоба жүзеге асырылды. Осы жылы барлығы 1,3 мың iрi қара сатып алынды, – дедi облыс басшысы.

Шара барысында қоғамдық өмірге белсене араласып, облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуына елеулi үлес қосқан Қали Хадесов атындағы Жаңаауыл орта мектебiнiң кiтапханашысы Ботагөз Жаукина облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен және тағы екi ауыл тұрғыны Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелiк бағдарлама Қали Хадесов атындағы Жаңаауыл орта мектебiнiң оқушылары мен Ақжар ауданының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттiк нөмiрлермен жалғасын тапты.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов Қулыкөл ауылдық округiнiң тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында ауыл жұртшылығы, негiзiнен, оң өзгерiстердi тiлге тиек еттi. Балабақша қалпына келтiрiліп, жолдар жөнделiп, балалар ойын алаңы салынған. Үстіміздегі жылы округте хоккей қорапшасы мен жазғы стадион салынып, үлкен трибуна орнатылса, ауылдағы мешiтке жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бұдан бөлек, тұрғындар өңір басшысына өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ауылдық округтің болашағына байланысты ұсыныстарын білдірді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp